ҚазҰУ мен «Almaty Creative» меморандумға қол қойды

14 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Almaty Creative» креативті индустрияларды дамыту орталығының бас директоры Қайсар Сарыбаев бастаған делегация арнайы келді.

Құрметті  қонақтармен оқу ордасының басшылығы кездесу өткізіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жүздесуде Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова ҚазҰУ-да креативті индустрия саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, жоғары оқу орнының жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ проректор университет ғалымдары дайындаған инновациялық жобалар туралы ақпарат берді.

Өз кезегінде «Almaty Creative» креативті индустрияларды дамыту орталығының бас директоры Қайсар Сарыбаев ҚазҰУ-мен серіктестікті арттыруға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

Екіжақты келісім ІТ саласында бірлесіп жұмыс жасауға тың серпін береді. Сонымен қатар меморандум ақпараттарды алмасуға, бірлесіп ауқымды шаралар өткізуге, шығармашылық білім алушы жастарға қолдау көрсетуге жол ашады.

Кездесу барысында тараптар креативті индустрияны дамыту мәселелерін талқылап, болашақта бірлесіп ауқымды жұмыстар атқаруға  уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі