ҚазҰУ профессоры үздік ғылыми мақала байқауында жеңіске жетті

14 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ақмарал Мағауованың мақаласы International scientific journal of «Science and Innovation» байқауының қорытындысы бойынша үздік деп танылды.

Педагогика ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры Ақмарал Сәбитоллақызы Мағауованың «Higher education system for persons with disabilities: the experience of japan» («Система высшего образования для лиц с ограниченными возможностями: опыт Японии») атты мақаласы Польшаның Index Copernicus, Еуропаның Open Aire, Zenodo және Ресейдің Cyberleninka атты халықаралық базаларында жарияланды. Сондай-ақ ғалымның жарияланымдары scientists.uz платформасында және халықаралық Google Scholar іздеу жүйесінде индекстелген.

Ғылыми мақала жоғары білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді ұйымдастыру тақырыбын жан-жақты ашумен өзекті. Жапондық жоғары оқу орындары – Цукуба университеті және нашар көретіндерге арналған Технологиялық университеттерді мысалға ала отырып, автор мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беруді ұйымдастыру тәжірибесін жинақтады. Аталған мақала Цукуба университетінде (Жапония) ғылыми тағылымдаманың қорытындысы бойынша жазылған.

Ғылыми тағылымдама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстан Республикасының инклюзивті білім беру саласындағы ұлттық стратегия ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру» гранттық жобасы шеңберінде «Жапонияның жоғары технологиялық білім беру жүйесіндегі инклюзивті білім беру» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылды.

Профессор Ақмарал Мағауованың педагогика саласындағы ғылыми зерттеулерде мол тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Ол сондай-ақ Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының, Қазақстанның Педагогика ғылымдары академиясының және Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болып табылады.

Ақмарал Сәбитоллақызы ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ажар» Қазақстан әйелдері жетістіктеріне қоғамдық құрмет көрсету ұлттық сыйлығының лауреаты,  «Қазақстанда инклюзивті білім беру саласындағы ұлттық стратегия ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру» гранттық жобасының ғылыми жетекшісі, ҚР ҒЖБМ грантының иегері, «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2023» және басқа да жетістіктерге жетіп, жоғары деңгейде марапатталған.