Шығыстанушы ғалым академик атанды

15 наурыз, 2024

          2024 жылдың 14 наурыз бүкіл ел болып Жыл басы, Амал мерекесі деп тойлап жатқанда, шығыстану факультеті керемет сүйінші хабар алды. Қытайтану кафедрасының профессоры, «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу» орталығының директоры Нәбижан Мұқаметханұлы Ұлттық ғылым академиясының «Құрметті академигі» деген атаққа лайық деп танылыпты. 15 наурыз күні Ұлттық ғылым академиясының тапсырмасымен академиктер Мәмбет Қойгелді мен Хангелді Әбжанов шығыстану факультетіне арнайы ат басын бұрды. Бұл кісілермен бірге қуанышты бөлісіп Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры профессор Дүкен Мәсімханұлы да келді.
         Бұл оқиға тек қана қытайтану кафедрасы үшін ғана емес, шығыстану факультеті, ҚазҰУ үшін, жалпы отандық шығыстану ғылымы үшін елеулі оқиға. Арнайы ұйымдастырылған жиынға шығыстану факультетінің басшылығы, кафедра меңгерушілері мен орынбасарлары, қытайтану кафедрасының ұжымы мен Нәбижан Мұқаметханұлының шәкірттері, докторанттар мен магистранттар қатысты. Шығыстану факультетінің деканы Наталья Борисовна Ем жиынды өзі ашып, жүргізіп отырды. Келген қонақтар кезектесе сөз алып, Нәбижан Мұқаметханұлының өмір жолы, ғылыми еңбегі мен жетістіктері туралы қызықты да, ғибратты естеліктер айтты. Жиынның ең бір маңызды сәті арнайы келген екі академиктің Нәбижан Мұқаметханұлына Ұлттық ғылым академиясының «Құрметті академигі» куәлігін табыстау болды. Отандық тарих ғылымына зор үлес қосып жүрген Нәбижан Мұқаметханұлына ғылым жолында зор табыс, мықты денсаулық, биік абырой тілейміз!