Ұлттық құрылтай жаңаруға, жаңғыруға шақырады
Соңғы үш жылда жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналған Ұлттық құрылтайдың биылғы өтіп жатқан мезгілі мен жері де өте есте қаларлықтай тарихи оқиға болды деуге болады. Бұл жиын биыл еліміздегі тағы бір тарихи өлке – Атырау облысында өтті. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтіп жатқан бұл жер Жайық жағасында, бұрынғы Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болған, Ұлы Жібек Жолының бойында, бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған, Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен, және осы шаһар өңірінде ел билеген, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан жерленген тарихи Сарайшық қаласының өңірі. Және ел-жұрт та құрылтайдың биылғы өтіп жатқан мезгілі де қазақша жыл басы болып саналатын Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында, әрі Ұлыстың Ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келуі де кездейсоқтық емес, бір тарихи оқиға деп қабылдауда. Ел басы Қ.К. Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде бірқатар өзекті мәселелерге арнайы тоқталып, әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымызға баса назар аударды. Президент өз сөзінде халықтың береке-бірлігін сақтау, жаңару мен жаңғыруға бағыт алу, ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт болып қалыптасуға, қоғамдық құндылықтарды жаңғыртуға маңызды қадамдар жасаудың стратегиясы мен алғы шарттары болатын негізгі атқарылатын іс шаралар мен мәселелерді айқындап берді. Құрылтайда сөз болған мәселелердің бәрі еліміз үшін, еліміздің жарқын болашағы үшін өте маңызды мәселелер екенін әрбір қоғам мүшесі саналы түрде қабылдап, ел басының пікірін толық қолдайды және еліміздің жарқын болашағын, халқымыздың бірлігін нығайтуға күш жұмылдырып, еңбек етеріне сенеміз.
Баймуратова И.А.