«Цифрлық трансформация дәуіріндегі математиканың заманауи даму тенденциялары»

14 наурыз, 2024

Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы математика секциясының ұйымдастыруымен «Цифрлық трансформация дәуіріндегі математиканың заманауи даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция университеттің 90 жылдық мерейтойына орай ғалым-математик Садықов Жасұлан Садықұлының туғанына 85 жыл толуына арналып ұйымдастырылды. Конфеернция әл-Фараби кітапханасының 303 конференц залында өтті. Конференцияға келген шетелдік ғалымдар алдымен университет өмірімен, көрнекі ғылыми орталықтарымен танысты.
Конференцияда алғы сөз бастаған жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы С.А.Сартаев бүгінгі «Көрісу» күні, ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен қонақтарды, қатысушыларды құттықтай отырып, конференцияның мақсат міндеттеріне Ж.С.Садықовтың 85 жылдық мерей тойына байланысты өмір жолына қысқаша тоқталды.
Ерекше ілтипатпен сөз алған мерей той иесінің қызы Айгүл Жасұланқызы әкесінің  өмірі, оның ішінде 65 жылдық университет қабырғасындағы өмірі жайлы қысқаша да қызықты мағлұматтар берді. Жасұлан Садықұлының замандасы Арон Асқарұлы және сүйікті шәкірті, қазіргі еліміздің көрнекті ғалымы, академик А.Е.Әбілқасымова да құнды естеліктерімен бөлісті.
Конференцияда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің өкілі Өркен Мамырбаев, Мұхаммед әл-Хорезми атындағы Ташкент Ақпараттық технологиялар университетінен келген ғалымдар: Ф.М.Нуралиев, М.А.Артикбаев, С.А.Тастанова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры Қ.Р.Есмаханова  баяндамаларын оқыды. Қатысушылар пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті.