ҚазҰУ Баспасөз қызметі халықаралық кинофестивальге шақырту алды

19 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпарат және коммуникациялар департаменті Шығыс Еуропа елдерінің кинофестиваліне  қатысу үшін шақырту алды.

Халықаралық шараға «Farabi media» телестудиясының меңгерушісі, режиссер Бақыт Әмірбек қатысып, тәжірибе жинақтап қайтпақ.

Германияның Висбаден қаласында өтетін алқалы жиында 30-ға жуық елден режиссерлер,  киносарапшылар, сценаристер, операторлар және өнер зерттеушілері бас қосады.

Қатысушылар Шығыс Еуропа елдерінің киноиндустриясын талқылап, дамыту жолдарын қарастырады. Сондай-ақ балаларға арналған фильмдерді жандандыру, сапалы сценарий жазу, көрермен талғамын саралау, ақпараттық сюжеттер дайындау, сараптамалық бағдарламалар түсіру мәселелерін талқылайды.

«Канадалық актер, продюсер, композитор Лирой Фанкардың қолдауымен халықаралық кинофестивальге шақырту алып отырмын. Бұл біздің Баспасөз қызметі үшін үлкен жетістік. Себебі бұл атақты Канн фестивалінен кейін тұрған екінші халықаралық фестиваль», – дейді Бақыт Әмірбек.

 

Халықаралық шара ағымдағы жылдың сәуір айында өтеді деп жоспарланып отыр. 

ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар департаментіне кіретін төрт басқарма мен бір сектор жоғары оқу орнының қызметін насихаттауға арналған іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етеді. ҚазҰУ базасында шығатын «Qazaq universiteti» газеті 2022 жылдың қаңтарынан бастап республикалық мәртебеге ие болып, «Қазпошта» каталогына енді. 75 жылдық тарихы бар газеттің тиражы – 3000 дана. Қазіргі таңда жазылушылар саны артып, басылым еліміздің әр өңіріне таратылады.

Сонымен қатар «Farabi Media» студиясы телевизиялық бағдарламалар мен деректі фильмдерді, ақпараттық сюжеттерді, қызықты подкастарды түсірумен айналысады. Қазіргі таңда университеттің YouTube желісіндегі ресми парақшасында оқырман саны күннен-күнге көбейіп келеді. 2015 жылы ашылған арнада 2021 жылға дейін 16 мың адам тіркелсе, қазіргі таңда жазылушылар саны 50 мыңға жуықтады.

Өткен жылы ҚазҰУ-дың  заманауи үлгіде жасалған жаңа сайты іске қосылды. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардың дизайны жаңарып, оқырмандар санын арттыруға күш салынуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі