ҚазҰУ делегациясы Жібек жолы университеттері альянсының форумына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Сиань қаласында өткен Жібек жолы университеттері альянсының форумына қатысты.
Халықаралық форумға Қытай ЖОО-ларының және Иран, Пәкістан, Орталық Азия университеттерінің өкілдері жиналды. Шара барысында цифрлық оқу жүйесінің заманауи трендтері тақырыбы талқыланып, жоғары оқу орындарындағы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру жұмыстары айтылды.
Форумның ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, халықаралық іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
«Сиань қаласында өтіп жатқан форум Орталық Азия елдеріндегі ЖОО арасындағы байланысты арттыратынына сенімдімін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азиядағы ЖОО-лармен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінде ҚазҰУ-да тұрақты даму мақсаттарының барлық бағытын жүзеге асыру және дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Университет ТДМ бойынша БҰҰ ауқымды хабы болып табылады. Оқу ордасының базасында ЮНЕСКО кафедрасы жұмыс істейді. Сонымен қатар алдағы уақытта ҚазҰУ-да Тұрақты даму және табиғатты тиімді пайдалану ғылыми орталығы ашылады», – деді ректор.
Шара барысында Цзяотун университетінің президенті, Қытай білім министрлігінің халықаралық бөлім басшысы және Иран, Пәкістан, Орталық Азия елдерінен келген университет басшылары сөз сөйледі.
Форум қорытындысы бойынша университет ректорлары тұрақты даму мақсаттары бойынша онлайн курстар өткізу туралы келісімге қол қойды.
Сиань қаласында жұмыс сапары барысында Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Шеньси облыстық және Сиань қаласының бас прокурорының орынбасарларымен және Цзяотун университетінің басшылығымен кездесу өткізді. Жүздесуде тараптар ғылым мен білім және ортақ оқу бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Цзяотун университеті халықаралық құқық саласында қосдипломдық білім беру бағдарламасын іске асыру туралы меморандумға қол қойды.
ҚазҰУ делегациясы жүздесуден соң, Цзяотун университетіндегі ғылыми зертханаларды аралап, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі