Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын!

21 наурыз, 2024

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен білім алушы жастары!

Сіздерді Жыл басы – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңаның хабаршысы, жақ­сы­лықтың жаршысы – Ұлыстың ұлы күні елімізге жақсылық пен ырыс-несібесін ала келсін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тай­дың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты үшін­ші отырысында: «Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­батымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшы­лы­ғымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тарт­паймыз. Бірақ Әз Нау­рыз­дың мәртебесін көтеріп, маз­мұнын байыта түсеміз. Мыса­лы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады», – деді.

Кө­рісу күні – Амал мейра­мы­нан бастап, Ұлыстың ұлы кү­­ні­не дейінгі әрбір күнге ар­найы атау беріліп, қайырым­ды­лық пен мәдени-танымдық іс-шара­лар­ды қамтитын «Наурызнама» он­күндігі жарияланды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бас­та­ма­ға айрықша қолдау көрсетіп, оқытушылар мен білім алушы жастардың қатысуымен игі ша­раларды атқаруға елеулі үлес қосты.

Ұлыстың ұлы күні – көрікті көк­темнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен бауыр­лас­тық­тың, бірлік пен ынтымақтың, жасампаз еңбектің мейрамы. Қасиетті Рамазан айымен қа­тар келген Наурыз мерекесінің рухани өмірімізде алатын орны ерекше. Ұлттық құндылықта­ры­мыз жан-жақты дәріптеліп, ұр­пақтар сабақтастығы жал­ға­сып, үлкенге құрметіміз, кішіге ізетіміз арта берсін. Жаңа, әді­летті Қазақстанның іргесін бірге қалап, межелі белестерді бірге бағындырайық. Берекесі ұйыған егемен еліміздің бо­ла­шағы жарқын болсын!

Баршаңызға мықты ден­сау­лық, әр шаңыраққа құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Ізгі ниетпен,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ