ҚазҰУ студенттері «Таза қала» акциясын бастады

25 тамыз, 2015

Алматыда ҚазҰУ студенттерінің бастамасымен қала күніне орай тазалық акциясы өтті. Сенбілікке шыққан жастардың басты мақсаты әсем қала - Алматыны қала күніне орай ластанудан тазарту болды.

Акцияға қала өміріне бей-жай қарамайтын жастар атсалысып, шараны Түрксіб ауданының аймағынан бастады. Сенбілікке жиналған жастар аталмыш аудандағы Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының саябағын ретке келтірді. Баум тоғайының бір ғасырдай уақыттық ғұмыры барын да біліп қайтты. Тарихы сонау жүз жылды құрайтын Баум тоғайы үлкен, әрі жасыл ағаштарға толы саябақ екенін бірі білсе, енді бірі біле бермесі анық.

Сенбілікке шыққан жастар әрбір сенбіні осы шараға арнау керек деген үндеу тастады. Қазұулықтардың «Біз таза Алматы үшін» деп бастаған аталмыш игілікті шарасын «Қыздар университетінің» студент арулары мен қалалық «Жарасым» ұйымының мүшелері жалғастыруға бел буды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі