Қазақ ұлтының басы айдауда, бармағы шайнауда жүрген кезеңдер аз емес. Сондай бір сұрапыл шақтар өткен ғасырдың басы, дәлірек айтсақ 30-жылдар.
Босқан халықтың бір бөлігі қиыр қонып, шет жайлап шекара асса, туған Отанда қалған бөлігі бұратана атанып, әр саладағы көшбасшы тұлғалары шетінен атылып, асылып, ұрпағы күні кешеге дейін шеккі көрген, ұлттық тарихымызда өшпес дақ қалдырған кесапат дәуір. Сол қылышынан қан тамған Кеңестер Одағының балға мен ораққа құрылған идеологиялық саясаты бұратана жұртты жұдырығында ұстау үшін ғылым, тарих, білім, мәдениет бағытында үлкен жобалар жүзеге асырды. Ғылым мен білімнің қара шаңырағына баланған ҚазҰУ сондай бір елең-алаң шақта құрылған тарихи орда. Басына алағай да бұлағай кезеңдер көшкен ұлы шаңырақтың күнгей-теріскейі, дәуірлеген шақтары тарих таспасында жазулы.
Біз осы тарихы мен тамыры терең оқу ордасының қабырғасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында білім алдық. Әйгілі ұстаздардың алдын көрдік. Кесіп айтқанда, үлкен өмірге жолдама берді. Басымызға баспана, бауырымызға қазан болды.
Университетіміздің негізгі органы саналған «Qazaq universiteti» газеті журналист болсам деген үлкен арманмен келген біздің ай сайын күтетін негізгі басылымдар қатарын толықтырды. Алақандай ғана форматпен шықса да, біз үшін Алатаудай басылым болды. Ол кезде басылымның фирмасы кирилл қарпімен жазылатын. Университетіміздің тыныс-тіршілігі, әр факультетте өтіп жататын сан түрлі шаралар студенттер газетінде жарық көретін. Таласа-тармаса оқитынбыз. Әсіресе журналистика факультетінің студенттері үшін өте ыстық газет.
Өзіміз де осы газеттің жарық көруіне қолғабыс жасаған кездеріміз болды. Мен «Алматы ақшамы» газетінде толық штатта қызмет жасай жүріп, өзіміздің төл газетімізге де мақалалар жаздым, өлеңдерім де жарық көрді. Оймақтай ғана фамилиямызға көзі түскен Қожакеев секілді ұлы ұстаздардың бата-тілегі әлі санамызда сайрап тұр.
Сол тұста ардақты ұстаздарымыз Сағатбек Медеубекұлы, Кәкен Қамзин, Қайрат Сақ кезең-кезеңімен осы басылымға басшылық жасады.
Жүздеген тұлғаларға, мыңдаған шәкірттерге қанат болған шаңырағымыздың торқалы 90 жылдық тойы құтты да қайырлы болсын!
Жанарбек ӘШІМЖАН,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты