Қалашықтың көркеюінің куәсі болдық
Оқушы кезімнен биология пәнін қызыға оқып, болашақта биолог болуды армандадым. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ға түсуге бел байладым. Ол кезде университеттің бас корпусы Панфилов көшесінде орналасқан, №127 ғимарат болатын. Осы корпусқа барып, биология факультетіне қажет құжаттарымды тапсырып, Байтұрсынов көшесіндегі жатақханаға орналастым.
Бірінші емтиханды биологиядан, Совет көшесі, №28 үйде орналасқан ескі ғимаратта билет бойынша ауызша тапсырдық. Ол 1934 жылы ҚазМУ ашылған кездегі бас корпусы болған екен. Содан соң математикадан емтихан тапсырып, осы екі пәнмен аттестат баллы бойынша биология факультетіне оқуға түстім. Қуанышымда шек болмады. Сол жылы осылай екі пәннен емтихан тапсырып, оқуға түсуге эксперимент жасалған еді. Алда әлі екі пән бола тұра, біз оқуға түсіп кеттік.
Бізді ҚазМУ қалашығына, биология факультетін таныстыруға алып келді. Қалашықта ауқымды құрылыс жүріп жатты. Сол жылы биология факультетінің құрылысы енді бітіп, қолданысқа берілген екен. Жаңа корпус керемет әдемі. Ішін аралап, шаттанып, қуанып жүрміз. Ректорат корпусы салынып жатты. Осы қалашықтағы жасыл желектің біразын 1977 жылы біздің курстың студенттері отырғызған еді. Қазір ҚазҰУ қалашығына қарасаң, көз тоймайды. Сәулеті ерекше үйлескен ансамбль.
Бүгінгі таңда университет еліміздің мақтанышы. Жыл сайын білім алғысы келетін талапкерлер саны артуда. Университетімізде әр факультеттің жеке даму жолы бар. Соның бірі – жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті. Өзім қазір осы Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында биология пәнінің аға оқытушысымын.
Айнагүл Үсенбекова