«ШИНХАН БАНК ҚАЗАҚСТАН» АҚ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ СТУДЕНТТЕРІНЕ ШӘКІРТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАДЫ

28 ақпан, 2024

2024 жылдың 28 ақпанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Шинхан банк Қазақстан» АҚ-ның шәкіртақыларын табыстау салтанаты өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасы, корейтану бөлімінің GPA көрсеткіштері жоғары, кафедра іс-шараларына белсенді қатысып жүрген жеті студент 140 000 теңге (жалпы сомасы - 980 000 теңге) көлемінде шәкіртақыға ие болды. Шәкіртақыны «Шинхан банк Қазақстан» АҚ-ның басқарушы директоры Жақсыкелдинов Нариман Мақсутұлы тапсырды.

Бұл іс-шара 1996 жылы Сеул қаласындағы Шинхан банктің штаб-пәтерінің жанында құрылған «Үміт» қорының қолдауымен өткізілді. Аталған қор 1996 жылдан бері әлемнің түрлі елерінің студенттеріне шәкіртақылар тағайындап, ғылым, мәдениет және шығармашылық салаларындағы ұйымдар мен мекемелерге қаржылық көмек көрсетумен айналысады. «Қазақстан Шинхан Банк» АҚ 15 жыл бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті студенттеріне қаржылық көмек көрсетіп келе жатыр. Жыл сайынғы студенттік шәкіртақылардың тағайындалуы, білім алушылардың оқуға деген құлшынысын күшейтуге, отандық корейтану саласындағы зерттеулерді дамытуға және республикамыздағы Кореяның имиджін көтеруге септігін тигізеді. Сонымен бірге, Қиыр Шығыс кафедрасы, корейтану бөлімінің студенттері «Қазақстан Шинхан Банк» акционерлік қоғамында жыл сайын кәсіби тәжірибеден өтеді. Аталған мекеме болашақ шығыстанушылардың кәсіби тәжірибе жинақтаулары үшін тиімді де, ұтымды жұмыс орны екендігі күмәнсіз.

Осындай іс-шаралардың ұйымдастырылуы студенттердің корей тілі мен мәдениетін меңгеруге деген қызығушылығын арттырып, «Шинхан банк Қазақстан» АҚ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы оқу-білім және ғылым салаларындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдіміз. Шәкіртақыға иеленген студенттерімізді шын жүректен құттықтаймыз және олардың келешекте бәсекеге қабілетті, әрі жоғары білікті маман болуларына тілектеспіз!