VI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘУТІКОВ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ГРАНТТАР БЕРІЛДІ
12-16 қаңтарда Алматы қаласында мектеп оқушылары арасында физика, математика және информатикадан жыл сайын болатын VI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өткізілді.
Халықаралық Жәутіков олимпиадасының алты жыл бойы жоғары деңгейде өткізілуіне ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласының әкімшілігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, сонымен қатар олимпиаданың бас серіктесі - республикалық физика-математика мектеп-интернат түлектерінің қоры және олимпиаданың бас демеушілері - «ExxonMobil Kazakhstan Inc» және «Microsoft Kazakhstan» компаниялары қолдау білдіріп келеді.
Олимпиадаға биыл 16 мемлекеттің арнаулы мектептерінен 49 команда (312 қатысушы) қатысты, соның ішінде - Қазақстан, Ресей (Саха және Башқортыстан Республикалары), Украина, Әзірбайжан, Грузия және Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменістан, Румыния, Болгария, Түркия, Индонезия, Монғолия және Египет елдерінің оқушылары бар.
Олимпиаданың құзіретті қазылар алқасы құрамына 8 елдің, сонымен қатар республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары, Қазастанның жетекші ЖОО студенттері кірді.
VI Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 130 медаль бәйгеге салынып, Қазақстан оқушылары 42 медальды жеңіп алды. Алтын медальді олимпиаданың 24 қатысушысы иемденіп, соның ішінде 8 алтын медаль қазақстандық оқушылардың қоржынына түсті. Күміс медальмен 42 қатысушы марапатталды. Қазақстандық оқушылар 11 күміс медальге ие болды. Ал 64 қола медаль иегерінің ішінде, Қазақстаннан 23 оқушы иемденді.
Қазылар алқасының төрағасы ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов Халықаралық олимпиада жеңімпаздарының нәтижелерін жоғары бағалап, оларға ҚазҰУ-дың оқу гранттарын табыс етті. «Дарынды оқушыларды қолдау талапкерлердің контингентін қалыптастыру концепциясының жаңа бөлігі болып саналады», - дейді жетекші оқу орынның ректоры.
Айта кету керек, былтыр ҚазҰУ мемлекет жоо-ы ішінде бірінші болып, жоо-ң студенттік құрамының сапасын көтеруге бағытталған Қазақстан үшін студенттерді қабылдаудың жаңа концепциясын жүзеге асыруды бастады. Өткен жылы жетекші ұлттық университетте студенттік контингентті іріктеуге бағытталған жаңа стратегия құрастырылды. Дарынды оқушыларды қолдау мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілді, соның ішінде ең үлкен көлемдегі жоба «Қазақ ұлттық университетінің Пәндік олимпиадасы» болды. 7000 оқушы қатысқан осы жобаның арқасында қазақстанның барлық аумақтарының оқушылары тұрғылықты жері мен әлеуметтік дәрежесіне, материалдық жағдайына қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндік алды.
Осы оқу жылында ҚазҰУ Пәндік олимпиадасының дайындық кезеңі 2009 жылдың қыркүйегінде басталып кетті. Осы кезге дейін олимпиада тапсырмалары қалыптастырылып, ішкі және сыртқы сараптамадан өтті және комиссия құрылды. Республика аймақтарында олимпиаданы өткізу кестесі облыстық білім басқармаларымен келісілді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі