ТДМ 4. «21 наурыз – ұлттық тағамдар күні» тақырыбында тәрбие сағаты

19 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде  өткізілген «21 Наурыз – Ұлттық тағамдар күні» атты ашық тәрбие сағаты  өтті. Ашық тәрбие сағатына  жылуфизика және техникалық физика кафедрасының оқытушылары, «Техникалық физика» мамандығының магистрантттары және «Стандарттау және сертификаттау» мамандығының 2 курс студенттері қатысты.

Қазақ халқы ежелден табиғи өнімдерді тұтынған. Таза тағамдардың адам денсаулығына өте пайдалы екендігін де ерте бастан түсінген. Мал шаруашылығын қолға алып, төрт түлікпен біте қайнасқан бабаларымыз әсіресе малдың еті мен сүтінен өте көп тағам түрлерін дайындаған.

Ұлттық тағамдар күнінде аталарымыздан мирас болып қалған дәмі тіл үйіретін тағамдарды бірге насихаттайық!

  1. Ұлттық тағамдарды пайдалана отырып, студенттерге құндылықтарды және тағамдарға деген сүйіспеншілігін арттыру.
  2. Студенттерді ұлтжандылыққа, көргенділікке, терең ойлай білуге, жан-жақтылыққа тәрбиелеу.
  3. Ұлттық тағамдардың аттарын меңгерту, сөздік қорын молайта отырып, сөздерді тәжірибеде қолдана білуге баулу, дұрыс тамақтана білуге тәрбиелеу.

Ұлыстың ұлы күні мол дастарханымен ерекшеленеді. Әдетте Наурыз мейрамында еттен, сүттен дайындалған өнімдер қойылады. Қазақтың қымыз, қымыран, шұбаты мен айран секілді сусындары да дастарханнан табылады. Әсіресе дастарханды наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл ашық сабақтың мақсаты  студенттерді еліміздің ұмытылып бара жатқан және қазіргі таңдағы тағамдардың дәстүрлі түрлерімен таныстыру болды. Ашық сабақ барысында ұннан, еттен, сүттен жасалған тағамдар туралы негізгі ақпараттар берілді. Терминологиялық және интелектуалды әртүрлі интерактивті ойындар ойналып алынған білім бекітілді. Практикалық байланыс ретінде топқа бөлініп викторина ойнау арқылы қазақ асханасы, ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер және мақал-мәтелдер еске түсірілді.

Жауапты ұйымдастырушылар: Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ, жылу физикасы және техникалық физика кафедрасының куратор-эдвайзерлері - Мукамеденқызы В., Манатбаев Р.К. және «Техникалық физика» мамандығының магистранттары -  Асылбек Ә.С., Мирманова Д.С., Орынбасарқызы Г.