АҚШ және Сингапур университеттерінен келген делегаттар ат басын ҚазҰУ-ға тіреді

10 қыркүйек, 2015

Буффалодағы Нью-Йорк (АҚШ) университеті, Иллинойс Университеті(АҚШ) мен Сингапурдың ғылыми-зерттеу орталығынан келген делегаттар ат басын ҚазҰУ-ға тіреді. Қонақтар ҚазҰУ ғалымдарымен екіжақты тиімді әріптестіктің мәселелерін талқылады.

Кездесудің шымылдығын түре отырып, оқу-ісі жөніндегі проректор Дархан Ахмед-Заки делегаттарға университеттің негізгі бағыттары мен жеткен жетістіктері туралы баяндады.

«ҚазҰУ сіздердің бірігіп жұмыс жасауға танытқан ниеттеріңізді бағалайды. Сондықтан біз студенттердің алмасып оқуына, білім беру саласында жаңа бағдарламалар дайындауда әріптес болуға толықтай келісеміз», - деді проректор.

Өз кезегінде АҚШ-тың жоғары оқу орындарынан келген өкілдер барлық бағыт бойынша әріптестікке дайын екендерін айтты. «Нью-Йорк Университеті IT-технологиялар мен инновациялық индустриализация бағытындағы әріптестікке мүдделі», - екенін Буффалодағы Нью-Йорк Университетінің академиялық істер жөніндегі проректоры Чарльз Фредерик Зукоски ерекше атап өтті.

Отырыс аясында бакалавриат және магистратура оқыту бағдарламалары кезіндегі акдемиялық ұтқұрлық туралы мәселелер талқыланды. Іс-шараға қатысушылар университеттердегі технологияларды жаңарту, зертхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және оқытушылармен алмасу бағдарламасы туралы өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, әріптестік мәселелері әр факультетте жеке, кеңінен талқыланатын болды.

Отырыс соңында қонақтар ҚазҰУ-дың ғылыми зерттеу институттары мен зерттеу орталықтарын аралады.