- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытай Үкіметінің гранты бойынша 10 млн. доллардың суперкомпьютерін алатын болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытай Үкіметінің гранты бойынша 10 млн. доллардың суперкомпьютерін алатын болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытай Үкіметінің гранты бойынша 10 млн. доллардың суперкомпьютерін алатын болды. Елбасының Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысында осындай уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бір секундта жүз он триллион операцияны(110 Тфл) жүзеге асыра алатын суперкомпьютерді еліміздегі жетекші ҚазҰУ-ға Қытайдың «INSPUR» компаниясы береді. Бұған арналған грант қаражаты Қытай Үкіметі тарапынан бөлінеді.
Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің биылғы мамыр айында Қазақстанға жасаған сапары барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында «Silicon Valley» моделі бойынша бірлескен IT- технологиялық паркін құруды ұсынды.
Мемлекет басшысының идеясын іске асыра отырып, ҚазҰУ Жаңа Жібек Жолы Университеттер Альянсының халықаралық IT-технопаркін құру жөнінде бастама көтерді. Ол ҚазҰУ базасында суперкомпьютер және бұлт арқылы зерттеу негізінде құрылады.
Елбасы Н. Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «INSPUR» компаниясының жетекшілері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжатта жобаны іске асыру бойынша бірлескен іс-әрекеттің негізгі бағыттары белгіленді.
Атап өткен жөн, ҚазҰУ индустриалдық- инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша ҚазҰУ ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы жоғары білікті мамандар дайындайтын орталық ретінде таңдалды. Бұл үшін ҚР инвестициялар және даму жөніндегі министрлікпен бірлесіп, бірегей «Технолофт» инновациялық кластер құрылып жатыр. Аталған кластер инновациялық шеберханалары мен өзегі суперкомпьютер болып табылатын IT - технопаркті қамтиды.
Қазақстан мен Қытайдың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуі ғылым мен білім саласындағы мемлекетаралық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің ғылыми-техникалық өзара ықпалдастығы шеңберінде бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асырудың мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар бұл Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауымен үндесетін жаңа Жібек Жолы экономикалық белдеуін құру жөніндегі мемлекетаралық ауқымды жобаны жүзеге асыруға өз ықпалын тигізеді.
Баспасөз қызметі