Қалашық студенттерін қабылдады

11 қыркүйек, 2015

ҚазҰУ-да университет қалашығы әкімшілігінің ұйымдастыруымен және қалашық директоры Ә. Сейітжановтың қолдауымен 1 курс студенттерін қалашық студенті ретінде қабылдау кеші өтті. Шара аясында жаз маусымында еңбек жасаған студенттік құрылыс жасағы мен "Жасыл ел" жастар қанаты жасақтарының белсенділерін және жыл бойы жұмыс жүргізген жоғарғы студенттер кеңесінің төрайымдары мен төрағаларын, ішкі тәртіп сақтау қызметінің студенттерден құралған мүшелерін салтанатты түрде диплом-алғыс хаттармен марапаттау жалғасын тапты.

ҚазҰУ-қалашығындағы студенттерді қабылдау кешіне мыңнан аса бірінші курс студенттері қатысты. Кештің ашылу рәсімінде сөз алған қалашық директоры Ә. Сейітжанов: "1 курс студенттері, сіздерді студенттер қалашығына қабылданғандарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Біздің қалашық - еліміздегі ЖОО-ның ішіндегі ең үлкені және бірегейі. Мұнда жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен студенттер келеді. Соңы түлек атанып, өз кәсібінің шыңына жол тартады. Ал сіздер міне, жаңа толқын болып, ортамызға қосылып отырсыздар. Мұның өзі үлкен қуаныш.Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін университетімізден мыңдаған камера орнатылған. Әрбір сәт қырағы құралдың құзырында. Ал студенттер үйі сіздер үшін жасалып жатқан үлкен жеңідіктің бірі деп түсінемін. Жыл сайын мұнда жаңартулар жүргізіліп, тіпті жаңа студенттік үйлеріміздің кілті табысталып жатыр",-деп қалашықтың мазмұнымен таныстырып, еңбек озаттарына алғыс хаттар мен медальдар табыс етті.

Үздіктердің толайым табыстарын атап көрсеткеннен кейін, қызықтар жалғасын тапты. Қазақ эстрадасына "Ой,жеңге", "Чики-чики" әндерімен аз уақыт ішінде танылып үлгерген Серікбол Сайлаубек келіп, 1 курс студенттеріне тегін концерттік бағдарламасын ұсынды. "Ұлы дала" әнімен сахнаға шығуы, студент жастарға патриоттық рух дарытқандай болды. Одан кейін өзінің хит әні саналып кеткен "Ой,жеңге" әнімен ұштастырғаны сол еді, Жастар алаңындағы жастар көңілі көкке жеткендей болды. Жеке концерттік бағдарламасымен келген Серікбол Сайлаубектің бұл елуінші концерттік нөмірі екен. ҚазҰУ-студенттеріне әнші Серікбол "Чики-чики", "Бота", "Сен үшін", "Жүрегім сен деп соғады" секілді бірнеше әндерінен шашу шашты. Серікбол Сайлаубек ҚазҰУ студенттеріне арнаған концерттік бағдарламасына Шыңғыс Құралбай, Бақытқали Қонысбаев секілді эстрада жұлдыздарын да ала келіпті. Олар да әсем әндерін әуелетіп, ҚазҰУ аспанын ән нотасымен көмкеріп жібергендей болды. Тіпті, әлеуметтік желіде аты шығып үлгерген МС Сайлаубек те келіп, кеш соңынан өнерін көрсетті.

Қалашық студенті қатарына қабылданған химия және химиялық технология факультетінің 1 курс студенті Аяжан Орынтаева: "Жастар алаңында өткен кеш бізге ерекеше әсер етті. Көңілді музыка, жалынды жастық бір-бірімен үндесіп, өзгеше әсерге бөледі. Шараны ұйымдастырған қалашық директорына алғыс білдіремін",-деп пікірімен бөлісті. Кеш соңы Серікболдың әнімен, алаң тамаша отшашуға бөленді.