ҚР Ұлттық банк мұражайына экскурсия
02.04.2024 жылы ИСК-111 тобының білім алушылары топ кураторы Д.Е. Ерғалидың жетекшілігімен ҚР Ұлттық Банк мұражайына барды. Ақша жүйесінің тарихы, оның дамуы қай кезеңде болмасын кез-келген адамның қызығушылығын тудыратын өзекті тақырып. Көкейде жүрген көп сұрақтың жауабын Қазақстан Республикасындағы ең бірегей мұражайлардың бірі болып табылатын Ұлттық Банк мұражайынан алуға болады. Себебі, аталмыш мұражай ақша белгілерінің алуан түрлі үлгілері ұсынылған Республика аумағындағы жалғыз мұражай болып табылады. Мұражайдың ресми ашылуы 1997 жылғы 13 қарашада Ұлттық Банктің ғимаратында өткен. Мұражайда өткізілген экскурсияда білім алушылар VIII ғасырдан бастап қазіргі уақытқа дейін шығарылған экспонаттармен танысты. Экспозицияларда ақша жүйесі эволюциясының негізгі кезеңдері-Жібек жолынан бастап Қазақстан Республикасының аумағында қолданылған банкноталар мен монеталар ұсынылған. Білім алушылар мұражай қызметкерлеріне өз сұрақтарын қойып, көптеген құнды ақпараттар алды. Берілген ақпараттарды аса қызығушылықпен тыңдап, өз әсерлерімен бөлісті.