ҚазҰУ-да халықаралық қатынастарды дамыту бағыттары сараланды

5 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастарды, халықаралық құқықты және әлемдік экономиканы қазіргі кезеңде дамытудың проблемалық мәселелері: ықтимал шешімдерді іздеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Профессор, ғалым, заң ғылымының докторы Кәрімжан Нұрымұлы Шәкіровтің 70 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, Германия, Франция, Өзбекстан, Ресей және т.б. елдердің белгілі ғалымдары, дипломаттар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Шараның мақсаты – халықаралық қатынастардың, өңіртану мен әлемдік экономиканың қазіргі заманғы проблемаларын, Қазақстанның халықаралық және ұлттық құқығының өзара іс-қимылын, халықаралық қатынастар саласындағы шет тілдері мен дипломатиялық аударманың рөлін талқылау.

Конференция жұмысын Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов ашып, профессор Кәрімжан Нұрымұлының қылмыстық құқық, криминалистика саласының дамуына сүбелі үлес қосқанын атап өтті.  

«Кәрімжан Шәкіровтің еңбегі мемлекет және университет тарапынан жоғары бағаланды. Ол елдің дамуы жолында көп еңбек сіңірді. Бүгінге дейін профессордың жетекшілігімен көптеген шәкірт тәрбиеленді. Кәрімжан Шәкіров ғұмырының көп жылдарын ғылымға арнады. Осы салада үлкен  биікке, маңызды нәтижеге қол жеткізді. Қылмыстық құқық, криминалистика және сот сараптамасының теориясы мен практикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты», – деді проректор.   

Профессор Кәрімжан Нұрымұлы Шәкіров – белгілі ғалым, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР АПН құрметті академигі, Еуропалық құқық академиясының (Будапешт) мүшесі, қылмыстық процесс, криминалистика және сот сараптамасы саласындағы маман, құқық, саясаттану, халықаралық қатынастар және білім беру қызметі мәселелері бойынша көптеген жарияланымдары бар.

Конференция барысында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің проректоры Жанна Қалматаева және т.б. ғалымдар сөз сөйлеп, ғалымның  қайраткерлік және табысты еңбек жолына тоқталды.

Сондай-ақ қатысушылар халықаралық қатынастар саласындағы түйткілді мәселелерді және  әлемдік экономиканың өзекті мәселелерін талқылады.

Ғылыми басқосу тақырыптық  секцияларда жалғасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі