Зияткерлік ойындардан сапалы білімге дейін

29 наурыз, 2024

2024 жылдың 27 наурызында педагогикалық іс-тәжірибе шеңберінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның физикалық химия, катализ және мұнай химия кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен «Химия», «Мұнайхимия», «Химиялық инженерия» мамандықтары бойынша оқитын 1 курс докторанттары бірлесе «Химиктер лигасы» IV Ұлттық зияткерлік ойынын өткізді. Ойынға әр түрлі жоғары оқу орындарының студенттері, жеті команданың өкілдері қатысты: Идеал (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Осмиум (Абай атындағы ҚазҰПУ), H₂O (Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті), Оқытушылар (СДУ), Дисутек тотығы (Сәтбаев университеті), Катализаторлар квартеті (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Crystal Minds (ҚБТУ).

Әзірлеушілер мен докторанттардың күш-жігерінің арқасында интеллектуалды ойын жоғары деңгейде өтті. Қажетті деректемелер, сұрақтар банкі, үлестірмелі материалдар, аудитория және іс-шараға қажетті құрал-жабдықтар дайындалып, үзіліс кезінде командалардың демалуы да қамтамасыз етілді.

Ойын төрт турдан тұрды: таныстыру, блиц раунд, практикалық тапсырма, қара жәшік. Әр турдың өзіндік ерекшеліктері болды. Студенттер белсенді қатысу арқылы химияны оқуға және ғылыми әлеуетін арттыруға қызығушылық пен ынтасын көрсетті. Шара барысында студенттер химия пәнінен білімдерін жетілдіріп қана қоймай, интеллектуалдық қабілеттерін, бәсекеге қабілеттілігін көрсете білді. Ойын жеңімпаздары мен қатысушылары ақшалай сыйлықтармен, мақтау қағаздарымен және дипломдармен марапатталды.

Осылайша, студенттерді оқытуға қажетті үлес қосылды, олардың ой-өрісі айтарлықтай кеңейді, бұл тұтастай алғанда «ТДМ 4 – Сапалы білім» саласындағы қабылданған тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді.

  Іс-шараны өткізуде докторанттардың жинаған тәжірибесі осы форматтағы ойындарды одан әрі жалғастыруға және студенттердің білім сапасын арттыру мақсатында болашақта ғылыми-танымдық қызметке баулуға қажетті негіз болады.