ДИГЕЛЬ ИЛЬЯ ЭДГАРОВИЧ

8 сәуір, 2024

Профессор И.Э. Дигель Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке шәкіртақысының (1995-1998), үздік диссертация үшін ҚР Үкіметі сыйлығының (1995) және жас ғалымдарға арналған DAAD Германия стипендиясының (2003) иегері. «Who is who in Science and Technology» (2007-2012) және «Who is who in Medicine and Healthcare» (2009-2012) бюллетенінде тіркелген. Германия азаматы. Илья Дигель 1973 жылы 11 мамырда Жамбыл қаласында дүниеге келген. 1990 жылы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биология факультетіне оқуға түсіп, үздік диплом оқуын аяқтаған. И.Е. Дигель еңбек жолын ҚазҰУ биология факультетінің микробиология кафедрасында лаборант болып бастады (1993-1996). 1995 жылдан 1998 жылға дейін ҚазҰУ аспирантурасында оқыды, 1998 жылы «Микроорганизм клеткаларының қатты беттерге адгезиясына өтпелі металл тұздары мен суда еритін полимерлердің әсері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 1994 жылдан 1998 жылға дейін И.Э. Дигель Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Микробиология және вирусология институтында кіші және аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1998-1999 жж – Қазақстан Республикасы Экология және геология министрлігі Ақпараттық-талдау орталығының аға ғылыми қызметкері, 1999-2002 жж. – Алматы қаласындағы «Extrapress GmbH» компаниясының өндіріс менеджері. 1999 жылдан 2002 жылға дейін – жетекші кітапханашы, кейіннен ҚР Ұлттық ауыл шаруашылығы кітапханасы директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары. Германияға көшкеннен кейін медициналық технология және техникалық математика факультетінде (Fachbereich Medizintechnik und Technomathematik, FH Aachen, Campus Jülich) жетекші ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, ассистент болып жұмыс істеді. 2005 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Freshman Institute FH Aachen, Campus Jülich институтында жұмыс істейді.  Профессор И.Э. Дигель ашытқы жасушаларының қатты беттерге адгезиясының модуляторы ретінде өтпелі металдар мен суда еритін полимерлерді қолдану бойынша зерттеулерге, вирустық антигендерді диагностикалау және микробқа қарсы плазмалық кластер иондары әсер ету үшін ИФА қатты фазалық модификацияларын әзірлеуге елеулі үлес қосты. Оның пульсирленген электромагниттік өрістердің коллаген, эластин және жасушадан тыс матрицаның протеогликандық компоненттерінің полимерленуіне әсері, эндотоксиндердің қан плазмасының әртүрлі ақуыздарымен әрекеттесуін зерттеу үшін лазерлік сәуле шашырау әдістерін қолдану, сонымен қатар, қорғасынның аз дозасының ішектің бактериальді жағдайына әсерлері туралы жұмыстары кеңінен белгілі. Профессор И.Э. Дигельдің Германиядағы Ғылыми қызметінің негізгі бағыттары - наноқұрылымды көміртекті материалдарға бактериялық эндотоксиндердің адсорбциясын, өсімдіктердің вироидты ауруларымен күресудің биофизикалық аспектілерін, терморецепцияның және сигналдық молекулалардың молекулалық биофизикасын, ғарыш пен мұздықтарды зерттеуге арналған жабдықтарды in-situ залалсыздандыру, сонымен қатар, сулы ерітінділерде, гидрогельдерде және дисперстік фаза беттерінде құрылым түзілу құбылыстарын зерттеу болып табылады. Профессор И.Э. Дигель ғылыми жұмысын Ахен қолданбалы ғылымдар университетінде (FH Aachen University of Applied Sciences) педагогикалық қызметпен сәтті үйлестіреді, оқу үдерісі аясында «Медициналық диагностиканың радиациялық әдістері», «Бионика және биомиметика», «Жасуша және молекулалық биофизика», «Физика» т.б. курстарын оқиды. Илья Эдгарович Дигель 100-ден астам ғылыми мақалалардың, монографиялар мен кітаптардың авторы. 2007 жылдан Annals of Biomedical Engineering және Open Journal of Bioinformatics редакциялық алқасының мүшесі. 2 PhD докторын дайындады. Профессор И.Э. Дигель әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен белсенді ынтымақтастықта.

Басқа жаңалықтар