ҚазҰУ-дың рекрациялық география және туризм кафедрасы меңгерушісі Александр Артемьевтің бастамасымен Алматы қаласы күніне орай ҚазҰУ студенттеріне тау жорық өткізіп қайтты. Шараға кафедраның 1-2 курс студенттері қатысып, Іле Алатауның Фурмановка шыңына өрлеп қайтты.
Теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан шыңға шығу қатысушыларға оңай соқпады. Төменде-күз, ал шың басында нағыз қыс басталып кетті. Ақ түтек боран мен еріксіз жауып жатқан ақ ұлпа, қалың тұман жарыс жолына қиындық туғызса да, қатысушылардың жолын бөгей алмады. Нәтижесінде, шың басына шығып, мерекелік шараның негізгі мақсатын орындап қайтты.
«Шараға басым көпшілігі бірінші курс студенттері қатысып отыр. Тау жорыққа бас-аяғы 64 студент, 5 мұғалім қатысып, межелеген биікке шығып қайтты. Біз жыл сайын осындай шараны үздіксіз ұйымдастырып тұрамыз. Бүгінгі жорықты қала күнінің құрметіне арнап отырмыз. Алда 24 қыркүйек күні ҚазҰУ-ұжымы болып, «Құмбел» шыңына шығу жоспары бекітіліп отыр. Бұл шара алдағы аптадағы туризм күніне орай өткізілетін болады»,-дейді рекрациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Айдар Жұмаділов.
Шараға алғаш рет қатысып отырған 1 курс студенті Бектас Амиржанов «Таудың төменгі белдеуінде көтірлу жеңіл болғанымен, шыңға көтірелетін аумақ өте қолайсыз болды. Бірақ шыңға шығып, мың құбылған табиғаттың тылсым сәтіне куә болып, ерекше әсермен қимай-қиамай қоштастық. Енді туризм күніне орай өткізілетін жарыста бағымды сынап қайтамын»,-деп алғашқы әсерімен бөліссе, өткен жылғы жорықта шыңға шығуға жолы түспеген 2 курс студенті Ботагөз Сарабаева «Фурмановка шыңына шығуда өзіне тән табиғи ерекшеліктеріне куә болдық. Жақпар тастар, ақ ұлпа мамық қар, бәрі-бәрі ерекше.»,-деп сыр ақтарды.