Қара шаңырақ жас толқынын қарсы алды

22 қыркүйек, 2015

ҚазҰУ-да бірінші курс студенттеріне арналған маңызды мерекелік іс-шаралардың бірі - «Студенттер қатарына қабылдау» кеші өтті. Мерекелік бағдарлама Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының алаңында өтті. Салтанатты іс-шарада университет басшылығы, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, оқытушылар, студенттер мен түлектер қатысты.

«Студенттер қатарына қабылдау» дәстүрлі мәртебелі шарасының ең басты қонақтары да, биыл ғана мектеп табалдырығынан қанаттанып шыққан мектеп түлектері, ендігі бірінші курс студенттері. Олардың жетістіктері де аз емес. Бірі мемлекеттік білім грант иегері, енді бірі «Алтын белгі» медалінің, республикалық және халықаралық олимпиада, ғылыми конкурстар жүлдегерлері мен халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері. Биылғы талапкерлер ҚазҰУ-дың заң факультетінің 1 курс студенті Аружан Аликулова: "ҚазҰУ нағыз элиталар дайындайтын университет екенін мектеп партасынан білетінмін. Ал бүгін дәл осындай мәртебелі шаңырақтың студенті атанып отырмын. Енді құқықтану мамандығы бойынша білім аламын. Алға қойған асқақ армандарыма Алатаудай биік университетімнің білімі мен тәрбиесімен бірге жетемін деп ойлаймын",-деп әдемі ойымен бөліссе, журналистика факультетінің 1 курс студенті Айтоты Магзамова: "Бүгін абыройлы жетістікке жеткен күн. Мектептегі ұстаздарымның, ата-анамның абройын ақтап, алтын белгі иегері атанып, қасиетті қарашаңырақтың студенті атанып отырмыз. Көп түлектің қолы жете бермейтін арманға өрлеген күн мен салтанатты қабылдау кеші бізге ерекше әсер сыйлады",-деп қуаншымен бөлісіп, ҚазҰУ ұжымына тілегін білдірді.

Ұйымдастырушылар бірінші курс студенттеріне арналған маңызды мереке аясында көрермендерге ғажайып көріністер көрсетіп, Қазақстанның интеллектуалдық элитасын дайындайтын қарашаңырақ ҚазҰУ жетістіктері жайында баяндап, көпшілікке тамаша дайындықпен келгендерін көрсетті. Мерекелік кеште маңызды көріністердің біріне қатысушы химия және химиялық технология факультетінің 2 курс студенті Даяна Америна: "Университетімізде бірнеше студенттік ұйымдар жұмыс жасайды. Барлығының алдына қойған мақсаттары бар, ортақ міндеттері ҚазҰУ абыройы мен беделін арттыруға бағытталған. Мерекелік шарада біздің студенттік ұйым мүшелері де қалыс қалмай, ерекше көріністер жасауға тырысты. Барлық студенттік ұйым мүшелері бірігіп, белсенді түрде көрініс көрсетті. Бұл көрермендер мен қонақтарымызға ұнап, сахнаға шыққан сәттен-ақ қолдау көрсетіп отырды",-деп мерекелік көңіл-күйімен бөлісті.

Ректордың құттықтау сөзі мен тілегі жаңа оқу жылының басты іс-шарасының бастауы ретінде болды. Салтантты шарада сөз алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов: "Осы отырған көпшілік, сіздердің алдарыңызға бүгін қаншама жобалардан сахналық көріністері көрсетілді. Бұл университеттің тыныс-тіршілігін көрсеткен тамаша саяхат болды. Құрметті бірінші курс студенттері, сіздерді дұрыс,әрі нақты таңдау жасады деп түсінеміз және сенеміз. Сондықтан, алғы сөзімде сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Биыл университетке 5 мыңнан аса талапкер оқуға түсіп, жаңа оқу жылын бастап отыр. Біз үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.Аталған көрсеткіштің ішінде 40 %-ға жуығы магистранттар мен докторнаттардың үлесін көрсетеді. Осы аталған студенттердің 10%-дан жоғарғысы шет елдік студенттер. Мұның барлығы ҚазҰУ-дың әлемдік үлкен көрсеткіштерге жетіп, өсіп жатқандығын айқындайды. Біздің алдымызда үлкен зор міндеттер тұр. Елбасы тапсырғандай: кемінде 2020 жылы әлемдік ең үздік университтер қатарына Қазақстандық екі университет енуі керек. Қазір сол міндетті орындауда біздің ұжым өте табысты жұмыс атқарып жатыр. Соңғы 5 жылда 350 позицияға алға жылжып, осы биылдың өзінде 30 позиция алға жылжып, әлемдік ең үздік университтердің ішінде 275 орын алдық. Барлықтарыңызды осы жеңіспен құттықтағым келеді. Бұл шынында да үлкен зор табыс. Осы мәртебеге жетіп отырған бұрынғы Кеңес Одағынан үш қана университет бар. Оның бірі әлемге әйгілі Ломаносов атындағы университет, Санкт-Петербург университет (бұрынғы Ленинград университеті), сонымен қатар бұрынғы КазГУ, қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Міне, сіздер осындай университте оқисыздар. Енді бәскеге қабілетті,мықты маман болыңыздар!",-деп университеттің толағай жетістіктерімен бөлісе отырып, студенттерге білімде жетістік, өнерде шығармашылық тіледі.

Дәстүр бойынша университет ректоры Ғ. Мұтанов 1 курс студенттеріне арналған символдық «Сынақ кітапшасын» және «Білім кілтін» тапсырды. Сонымен қатар, бірінші курс студенттері жоғары курс студенттерімен, ғалымдар мен түлектермен танысуға мүмкіндік алды. Кеш соңында университет вальсы орындалды. Студенттер сарайының аумағы әдемі де сәнді жұбтармен толып, өздерінің алғашқы университет вальсын орындап шықты. Жұптық вальсте өнер көрсеткен, философия және саясаттану факультетінің 1 курс студенті Олжас Смәділ: "ҚазҰУ студенті атанудың өзі үлкен мәртебе, зор қуаныш. Мектептік балдәурен шақтан, даналық пен парасаттық ұштасқан жастық шаққа жалғасқан студенттік өмірдің алғашқы күндері осындай тамаша мерекелік шарамен басталып жатыр. Бізге осындай шара ұйымдастырған университет басшылығына алғысым шекісіз",-деп өз ойымен бөлісті. ҚазҰУ-да университет колледжі де өз оқу маусымын бастап кетті. ҚазҰУ колледжіне заң мамандығына түскен, мектеп түлегі Мадияр Әбіл өзінің ішкі көңілімен бөлісіп, мерекелік кештен алған әсерін қуанышқа толы жалынды сөздерімен жеткізді. Кеш соңы концерттік бағадарламаға жалғасты.