Сеул университеті ҚазҰУ-да медициналық кластерін құру бастамасын қолдауда

23 қыркүйек, 2015

Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде (ҚазҰУ) медициналық қызмет көрсету деңгейін сапалы әрі жаңа деңгейге көтеретін халықаралық медициналық кластері құрылатын болады. ҚазҰУ мен Сеул Ұлттық университетінің жанындағы Пунданг Госпиталі арасында жасалған келісім бойынша 500 орынды клиника салу жөніндегі бірлескен университеттік меморандумға қол қойылды.

Сеул Ұлттық университеті Оңтүстік Кореи еліндегі ең ірі оқу орындарының бірі және Азия мен әлемдегі ең үздік университеттері арасында алдыңғы қатарда. Бірнеше жылдан бері бұл жоғары оқу орны ҚазҰУ-нің басты серіктесі.

Серіктестік қарым-қатынастары аясында ҚазҰУ-нің ректоры Ғ. М. Мутанов пен Пунданг госпиталінің президенті Ли Чоль Хи мырза жоғарыда аталған меморандумға қол қойды.

Оңтүстік Корея бүгінде IT технологиялар бойынша көшбасшы ғана емес, медициналық туризм саласында да алдыңғы қатарда. Жуырда Оңтүстік Корея мамандары мен медициналық кластерін құруда мол тәжірибесі бар Сеул ұлттық университетінің қатысуымен, Дубайда заманауи медицинаның соңғы талаптарына сай жасалған жоба бойынша медициналық клиника салынды.

Сеул ұлттық университетінің президенті Сун Нагин бастаған Корей делегациясының ҚазҰУ-не кезекті сапары, жоғары оқу орындары арасында орнаған сенімділік пен достастықтың дәлелі болса керек. Бүгінде серіктестік аясында клиниканың құрылыстары үшін арнайы мамандар бірлесе отырып даярлануда. Барлық жобалар мемлекеттік-жеке серіктестік қағидасы бойынша жүзеге асырылуда.

Медициналық диагностикалық орталығын ашу - Оңтүстік Корея серіктестерінің жобаны іске асырудағы бірінші қадамы болды. Ол 2400 шаршы метр жерді алып жатқан студенттерге қызмет көрсететін «Керемет» орталығының кампус аумағында орналасты.

Мамандардың пікірі бойынша, Қазақстанда жоғары медициналық көмек алып, кәсіби диагностиканы енгізу үшін, азаматтарды заманауи технологиялық орталықпен қамтамасыз ету - жобаның басты мақсаты болмақ.

Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі