ҚазҰУ студенті бокстан Халықаралық турнирде алтын медальді қанжығалады
Бұхара(Өзбекстан) қаласында бокстан әйелдер арасында ұйымдастырылған Халықаралық турнирде 81 келіден жоғары салмақ категориясында ҚазҰУ студенті Умида Садыкова соңғы тартыста өзбекстандық қарсыласына тойтарыс беріп, алтын медаль иемденді.
Бокстан әйелдер арасында ұйымдастырылған Халықаралық турнир 8-14 қыркүйек арасында Бұхара қаласында өтті. Жарысқа Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Қытай мен Түркиядан 108 әйел қатысты.
Садықова Умида – бокстан спорт шебері, республикалық және аймақтық жастар арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасының студенті. Жаттықтырушысы Б.С.Байқұлбаева доцент, ҚР еңбек сіңірген жатықтырушы.
Б.С.Байқұлбаеваның айтуынша Умида өз айтқанына жетпей қоймайтын, мақсаткер қыз. «Біздің кафедраның барлық оқытушы профессорлық құрамы Умиданы мақтан тұтады. Ол үлкендер арасында ұйымдастырылатын боксқа енді ғана қатысып жүр. Дегенмен біраз жетістіктерге қол жеткізді. Осыдан жарты жыл бұрын күмісті қанағат тұтқан едік, ал енді алтынға да қол жеткіздік», - дейді Умиданың жаттықтырушысы.
Умиданың өзі осымен тоқтап қалмаймын дейді. «Менің арманым келесі жылы ақпанда болатын чемпионатта жеңіске жету. Сондықтан алдағы уақытта талмай дайындалатын боламын», - дейді спортшы.