Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тілдер мерекесі аясында филология және әлем тілдері факультетінің «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубы«Ана тілдің мерейі» атты әдеби кеш өткізді.
«Көкжиек» клубының ғылыми жетекшісі, доцент Ләйла Мұсалы «өзге тілден бұрын ең алдымен ана тілдің мерейін асыру қажеттігін» атап айтып, кешті ашық деп жариялады. Кешке шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі Д.Қарағойшиева, доцент М.Жаңабекова, аға оқытушы Э.Бектурова қатысты.
Кеш барысында 1-курсқа түскен білімгерлер өз өнерлерін ортаға салып, ана тілі туралы өлең-жырлар, қанатты сөздер оқыды. Кеш соңында «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубы жариялаған «Ана тілдің мерейін асыру үшін мен не істей аламын?» блиц-сауалнаманың қорытындысы хабарланды. Ана тілді қадірлеуді әр қазақ өзінен бастау қажеттігі, тіл тазалығы туралы көптеген ұсыныстар айтылды. Клуб төрағасы Асан Әли, Жандарбек Жұмағұлов келген қонақтарға сөз беріп, жыр кешін қыздыра түсті. Мазмұнды да, қызықты өткен кештің жастарға берері мол болды.