ҚазҰУ студенті гуманитарлық пунктке 100 литр сүт тапсырды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті Даниял Ахметов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға өз атынан арнайы қаптамадағы 100 литр сүт өнімін гуманитарлық көмек ретінде берді.
Білім алушы аталған 100 литр сүтті ҚазҰУ-да ашылған гуманитарлық пунктке әкеліп тапсырды.
Университет студенті Даниял Ахметов қиындыққа тап болған азаматтарға көмек көрсету азаматтық парыз екенін айтады. Сондай-ақ ол өз сөзінде табиғи апаттан зардап шегіп жатқан отандастарымызбен бірге екенін жеткізді.
«Әр азамат өзінің еліне көмектесуі қажет деп санаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз әрдайым бір-бірімізге қамқор, тілеулес бола білген халықпыз. Су тасқынынан зардап шеккен ағайынға гуманитарлық көмек қолын созуды азаматтық парызым деп білемін», – дейді Даниял Ахметов.
Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға ерікті түрде гуманитарлық көмек беру үшін арнайы пункт ашылған болатын. Қазіргі таңда жәрдем қабылдау пунктінде жаңа киім-кешектер, азық-түлік, гигиеналық заттар, көрпелер, бұзылмайтын тағамдар, ауызсу, төсек-орын жабдықтары қабылдануда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі