ҚазҰУ-да «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Таза Қазақстан» республикалық акциясына белсенді қатысты. Аталған акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде жүріп жатыр.
Акция аясында ҚазҰУ-да сенбілік ұйымдастырылып, қалашық аумағы қоқыстардан тазартылды. Тазалық шарасына университет басшылығы, құрылымдық бөлімшелер басшылары мен қызметкерлері, 16 факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
10 мыңға жуық адам оқу ғимараттары мен жатақханалардың айналасын ретке келтіріп, көгалдарды қоқыстардан, жапырақтардан және сынған бұтақтардан тазартты. ҚазҰУ қалашығындағы ағаш түптері әктеліп, сырланды.
Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев қалашықта өткен сенбілікке арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін пысықтады. Ректор акцияға қатысушы жастармен пікірлесіп, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға шақырды.
Сонымен қатар оқу ордасының студенттері университет аумағы бойындағы Әл-Фараби даңғылында және Тимирязев көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Мұндай шаралар қоршаған ортаға мейіріммен қарауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар айналымызды таза ұстауға, кез келген жерге қоқыс тастамауға үндейді», – дейді ҚазҰУ-дың 3-курс студенті Құралай Құрман.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі