Кәсіби бағдар беру дәрісі

15 сәуір, 2024

ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің Ме­ха­ника кафедрасында «Тұрақты даму мақсаттары» жо­басының аясында «Идеядан – бизнеске» деген тақы­рып­пен ғылыми-танымдық іс-шара өтті. Факультеттің Ө.Жол­дасбеков атындағы залында өткен кездесуді Меха­ника кафедрасының 1-курс докторанттары А.Ошманова, М.Рахметоллақызы, А.Көмекбаев, А.Боранбаева және Сюй Пэнъюе педагогикалық практика аясында кәсіби бағдар беру мақсатында ұйымдастырды. «Идеядан – биз­неске» атты бұл кездесуге кафедраның 1-4 курс бакалавр және 1-2 курс магистратура студенттері, Механика ка­фе­драсының меңгерушісі Д.Туралина және факультет деканының орынбасары Н.Досжан, педагогикалық прак­тика жетекшісі А.Төлепбергенов қатысты.

Тұрақты даму мақсатта­рын­да тұтас қоғамның алдында тұр­ған өзекті мәселелер толық қамтылады. Онда кедейлікті жою, мықты денсаулық және әл-ауқат, сапалы білім беру, құрлық экожүйелерін сақтау және т.б. тақырыптар бар. Осы мәселенің бәрі талқылана келіп, сегізінші мақсат ретінде көрсетілген «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» бағы­ты біз таңдап алған «Идеядан – бизнеске» деген тақырыпқа сай келді. Студенттердің алған білімі, оқыған ілімі теориялық негіздемелер болып келеді. Ал оның түпкі мақсаты өмірде қолданып, жүзеге асырумен нақ­тыланады. Алдымен адам­ға санасында пайда болатын идея жетекшілік етеді. Одан ке­йін батылдық пен тәуекел бас көтереді. Осы қасиеттердің барлығы адам бойында жинала келе, қаракетке, іс-қимылға айналғанда ғана бизнес туын­дай­ды. Әрине, бизнес ашу оңай іс емес. Мұны анық сезген докторанттар өткізіп отырған сабағымыз студенттер мен магистранттарға ұғынықты бо­лу үшін әрі жанды әсер етуін көздеп арнайы екі қонақ ша­қыр­дық. Бұл басқосу студент­тердің кәсіби салада, еңбек бағытында өзін-өзі жетілдіріп, жоспарын жүзеге асыруына сер­пін береді. Іс-шара ба­ры­сында тұрақты даму мақсатына сәйкес, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу мән-жайы және өнімді жұмыспен қамту мәселесі, сондай-ақ баршаға лайықты жұмыс істеуге жәр­дем­десу тенденцияларын тал­қылау сәтті ұйымдас­ты­рыл­ды.

Кездесуге келген екі бизнес өкілінің бірі Дидар Болтаев – @distantia.kz, @1kurspro.official ком­панияларының негізін қа­лау­шы. Дидар елде магис­тра­тураға түсе алмай қалған студенттерге өзінің «distantia.kz» атты оқу орталығында он­лайн түрде көмек беру жұмы­сын жүргізеді. Студенттер құ­жат­тар тапсырып, сол ор­та­лықта сынаққа қатысады. Жо­ға­ры бағамен өткендері оқу­ға қабылданады. Оқу мер­зімі аяқталған соң, диплом­да­рын қор­ғау үшін «distantia.kz» кө­ме­гімен тақырыптары бо­йын­ша таңдалған елдің жоғары оқу орнына барып, диплом­да­рын қорғайды.

Екінші қонағымыз – Нұрым Әбдіхалықов. Ол да Energymaх.group компаниясының негізін қалаған іскер азамат. Көптеген оқу орталықтарын ашқан кә­сіп­кер. Қарағандылық Нұрым бірнеше жыл бұрын шағын ғана бір орталық ашқан еді. Ол жи­ған білімін айналымға салып, оқу орталықтарын бұл күнде 14-ке жеткізіпті. Ағылшын тілін жақсы білетін анасының кө­ме­гімен батыл қимылдар арқылы жол тауып, жетістіктерге жетіп отырған талантты жас та­быс­кер іскерге айналып отыр. Ол да заманының бизнес-коучер деңгейіне жеткен адам. Кә­сіп­пен айналысқысы келе­тін­дер одан кеңес алып, ақыл сұ­рай­ды. Бизнесін ұлғайтқысы, та­бы­сын еселей түскісі келетін жан­дарға орталығы арқылы орын­ды, үйлесімді бағыт-бағ­дар көрсетеді.

«Идеядан – бизнеске» деген бұл жолғы дәріс студенттердің ойына ой қосып, дамудың, өсу­дің соқпағына назар аудартты. Кез­десу соңы сұрақ-жауапқа жалғасып, көтерілген тақырып тө­ңірегінде құнды мәлімет ор­таға салынды. Әсіресе қос биз­несмен бұл күнге жеткенше басынан не өтті, қандай ке­дер­гілерге кездесті, оны қалай жең­ді – сол туралы баяндап, жас­тарға ерекше мотивация берді.

Мөлдір САПАРОВА,

Механика кафедрасының 1-курс докторанты