Президент ғылымды дамытуды тапсырды

15 сәуір, 2024

Президентіміз Қ.К.Тоқаев ғылым күніне орай сөйлеген сөзінде қазіргі технология заманында ғылымның рөлі өте жоғары екенін атап өтті. Елімізде болып жатқан апаттарды болашақта болдырмау, алдын алу сияқты амал-әрекеттерді тек ғылымға ғана сүйене отырып жүзеге асыруға болады. Ғылыми жетістіктер бір күннің не бір жылдың нәтижесі емес, ғылым – жүйелі де қажырлы еңбек, үлкен қаражат пен ұрпақтар сабақтастығынан туатын адам баласының үлкен жетістігі. Бұл жетістіктерге ие елдер өздерінің гегемон екенін көрсетіп отыр. Осы мемлекеттер қатарына қосылуға барынша ат салысу керек. Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдарымыз аянбай еңбек етіп, Қазақстанның болашағы да байлығы да зор екенін айқындап кеткен. Осы үрдісті жалғастыра отырып, еліміздің байлығын оң пайдаланып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін қызмет ету – әр қазақстандықтың міндеті.

Қазақ «ақыл – жастан» деген. Сондықтан да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарға үміт артатынын және еліміздің өркениетті де озық мемлекеттер қатарынан орын алуы осы жас ғалымдардың қолында екеніне баса назар аударды. Ғылымды дамытуда төрт бағытты басшылыққа алу қажет: бірінші – экологиялық мәселелерді шешу, екінші – экономиканы өркендету, үшінші – жасанды интеллект потенциалын халық қызметіне салу,  төртінші бағыт – университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту. Төртінші бағыт тікелей университетте қызмет атқарушы оқытушылардың жас ғалымдарды тәрбиелеуге қатысты. Сондықтан шығыстану факультетінде жұмыс істеп жатқан ғалымдар мемлекетіміздің рухани тұғырнамасын берік ұстайтын жастарды өсіріп-дайындауды өз міндеттері деп біледі. Президентіміздің ғылымның дамуына үлкен қаражат бөліп, рөлін белгілеу ғалымдардың мәртебесін биіктететіні сөзсіз.

 

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті Ахметбекова А.