«Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

4 сәуір, 2024

4 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы аясында ІІІ халықаралық Фараби форумы басталды. Форум аясында «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Қазақстан, Түркия, Сирия, Иран, Мысыр, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Татарстан және т.б. Орталық Азия елдерінің ғалымдары бас қосқан іс-шараның мақсаты – ғұлама ғалымның бай мұрасын жаңа қырынан зерттеу, отандық және шетелдік фарабитанушыларды біріктіріп, жаңа зерттеулерді саралау.
Конференцияға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Эврен Мудеррисоглу, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мухсин Фағани, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мұхаммед әш-Шаххат әл-Жинди, дипломаттар, тарихшы ғалымдар, қазақстандық және шетелдік фарабитанушылар, философтар, оқытушылар мен білім алушылар қатысты.
Алқалы жиынды ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, әл-Фараби еңбектерін терең талдап, саралау қазіргі фарабитанушы ғалымдардың басты міндеті екенін айтты.
Тағылымды басқосуда Түрік халықтары философия қоғамының Қазақ комитеті мен оқу ордасы ғалымдарының бастамасымен жарық көрген «Түрік философиясының антологиясы» көптомдық кітабының тұсаукесері өтті.
Жиын барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен фарабитанушылар баяндама жасады.
Пленарлық мәжілістен кейін бес секция және жеті пікірталас алаңы жұмыс жасады. Қатысушылар әл-Фараби мұрасы және фарабитанудың өзекті мәселелері, түрік ғұламаларының мұрасындағы ізгі адам мәселесі, ғылым мен білімнің интеграциясы, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік және тұлға мәдениетін жетілдіру және т.б. әлеуметтік-гуманитарлық ғылымының өзекті мәселелерін талқылады.