Тағылымы мол жүздесу

15 сәуір, 2024

Сәуір айының 15 жұлдызында ZOOM платформасында Халықаралық «Шабыт» фестивалінің К.Салықов атындағы арнаулы жүлдесінің иегері, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазіргі таңда «Әдебиет порталы» интернет-жобасының қызыметкері Ұмтыл Зарыққан филология факультеті ұжымымен кездесті. Жүздесуді қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті,филология ғылымдарының кандидаты Б.С.Имангалиев пен «8Д01701-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының докторанттары ұйымдастырды. 
Кездесу барысында Ұмтыл Зарыққан журналистік көзқараспен қазіргі таңда заманауи технологияның, қарыштап дамыған цифрлы құжаттардың  жалпы қоғамға, оның ішінде қазіргі жастарға қажеттілігін  айқындап берді. Ұлттық әдеби мұрамыздың жаңаша дамуына, әлемге танылуына бірден бір себепкер болатын интернет желісінің берері мол екендігіне тоқталды. 
Кездесуде жеті қырлы бір сырлы ақынның өмір жолы, «Боз жусан бүр жарғанда», «Қоңыр көлеңке», «Қанаты күйген құс» атты жыр жинақтары мен мақалалары, ақындық қабілеті, журналистік шеберлігі, әдеби-шығармашылық қызметі де жан-жақты сөз болып, ақынның қаламынан туған өлеңдері оқылды. Қаламгер әдебиет порталына қатысты оқырмандардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Б.Темірболат қаламы  қарымды қалемгер шығармашылығының қасиетті қара шаңырақ жастарына берері мол екендігіне тоқталып, әдеби кештің қонағы болған Ұмтыл Зарыққан мырзаға алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Филология факультетінің
1- курс докторанты Саткенова Ш.Б.