ҚазҰУ-да қалаларды тұрақты дамыту мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығына арналған «Қалалардың тұрақтылығы: сын-қатерлер мен шешімдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция бастау алды.
Конференцияның мақсаты – қазіргі заман талаптарын ескере отырып, қалалық аумақтардың тұрақты дамуының теориялары, тәжірибесі және аталған бағыттағы ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша пікір алмасу.
Мамандар қалалардың тұрақты дамуының өзекті мәселелерін талдап, оларды шешудің, табиғи ресурстарды ұтымды, ұқыпты және қауіпсіз пайдаланудың тиімді жолдарын ұсынды.
Конференция қалаларды дамытудың жаңа күн тәртібін қалыптастыруға негіз болған «Қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өміршеңдігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету» бойынша Тұрақты даму мақсаттарының 11-ші бағытына арналған. Ауқымды шарада Ұлыбритания, Ресей, Беларусь және Қырғызстан елдерінің география, тұрақты даму және қала құрылысы саласындағы жетекші ғалымдары мен сарапшылары бас қосты.
Олардың қатарында география ғылымының кандидаты, доцент, Патрис Лумумба атындағы РХДУ (Мәскеу, РФ) экономикалық факультетінің Аймақтық экономика және география кафедрасының меңгерушісі Вероника Холина, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті Жаратылыстану ғылымдары және туризм институтының директоры, профессор Мирлан Дылдаев, РФ еңбек сіңірген ғылым қайраткері Виктор Фаузер, Байкал табиғатты ұтымды пайдалану институты Геоақпараттық жүйелер зертханасының меңгерушісі, профессор Андрей Бешенцев, Оксфорд университетінің Тұрақты қала құрылысы кафедрасының доценті, PhD Влад Михненко, Қазан федералды университетінен Ирина Мальганова және басқалар бар.
Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстан Республикасының ірі қалаларының тұрақты дамуын кешенді географиялық бағалау» гранттық қаржыландыру жобасы шеңберінде ұйымдастырылған шараның маңыздылығын атап өтті.
Жобаның ғылыми жетекшісі – География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының профессоры Гүлнара Нүсіпова. Ғалымның бастамасы бойынша 2010 жылы кафедрада «Жерге орналастыру» және «Кадастр» атты жаңа мамандықтар ашылды, аталған бағыт бойынша кафедрада оқу процесі табысты жүруде. Ол ҚР ҒЖБМ ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру желісі бойынша төрт ғылыми жобаны басқарады, 2007 және 2020 жылдары ҚР БҒМ «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері атанды. Ғылыми ізденістерін жоғары бағалаған білім ордасының басшылығы Гүлнара Нұрмұхамедқызын университетке сіңірген және ғылым мен білімнің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Ғылыми жиында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі, Қазақ-Америка университетінің басқарушы серіктесі, кәсіпкер, YASSA білім беру платформасының негізін қалаушы Алина Әбдірахманова, ҚР ҒЖБМ «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Ахметқал Медеу және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева және басқалар баяндама жасады.
Екі күндік конференция бағдарламасында пленарлық, секциялық отырыстар және шеберлік сыныптары өтеді. Қатысушылар тұрақты дамудың әлеуметтік-экономикалық аспектілеріне, қалалық процестерді зерттеу үшін ГАЖ технологияларын пайдалануға, сондай-ақ демография мәселелеріне қатысты тақырыптарды талқылайтын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі