СМАЙЫЛОВ ӘЛИХАН АСХАНҰЛЫ

19 сәуір, 2024

Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы 18 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика және қолданбалы математика факультетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша бітірген. 1996 жылы КИМЭПтің мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

Оқуды бітіргеннен кейін Әлихан Асханұлы еңбек жолын ҚР Мемлекеттік статистика және талдау комитетінде бастаған.

Ол мемлекеттік органдарды Астана қаласына көшіру кезеңінде экономикалық статистика мен талдауды түсінетін маман ретінде ҚР Президенті Әкімшілігінің экономикалық блогына жұмысқа шақырылып, әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, кейін экономикалық сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді. Смайыловтың қабілеттерін ескере отырып, Президент Әкімшілігінің басшылығы оны Қызылорда облысы мен экономикалық министрліктердің жұмысына жетекшілік ететін ұйымдастыру-бақылау бөлімінің Мемлекеттік инспекторы етіп тағайындайды.

1999 ж. қарашада Әлихан Асханұлы ҚР Статистика агенттігінің төрағасы болып тағайындалады.

2003 жылғы ақпанда кадрларды ротациялау тәртібімен ол ҚР Сыртқы істер министрінің Азия, Африка және Таяу Шығыс елдеріне, сондай-ақ экономикалық бағыттағы жұмыстарға жетекшілік ететін орынбасары болып тағайындалады.

Сол жылы шілде айында Үкімет даму институттарының қатарында "Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" АҚ құру туралы шешім қабылдайды да, Басқарма Төрағасы етіп Әлихан Смайыловты тағайындайды.

2006 және 2008 жылдары Әлихан Асханұлы екі рет Қаржы вице-министрі болып тағайындалып, елдегі бухгалтерлік есеп пен аудитті, Мемлекеттік сатып алу жүйесін, қаржы статистикасын, қаржылық және кедендік бақылауды жетілдіру мәселелеріне жетекшілік етті.

Әлихан Асханұлының І сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін "Ерен еңбегі үшін" медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

 

Басқа жаңалықтар