«Парасатқа тағзым» атты әдеби-сазды кеш өтті
28 қыркүйек – көркем сөз шеберлері М.Әуезов, Ш.Мұртаза, О.Бөкейдің туған күні. Қазақ оқырманы үшін бұл қаламгерлердің туындылары ондаған жылдар бойы рухани азық, әдебиетке жаны құмар жас талапкерлер үшін олардың туындылары үйрену мектебі болып келеді.
Осы атаулы күнге орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетіндегі «Көкжиек» клубы «Парасатқа тағзым» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Кешті кіріспе сөзімен ашқан филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші-ғалым Ләйла Мұсалы рухани дәстүр сабақтастығындағы әдебиеттің рөлі жайында айтты. Үш қаламгердің шығармашылығы бойынша баяндамалар, викториналық сұрақтар жүргізіліп, электронды альбом көрсетілді. Студент қатарына енді ғана қабылданған жас таланттар сүйікті қаламгерлеріне арнаған жүрекжарды жырларын оқып, ойларын ортаға салды. Кешке қатысқан ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары бұл кештің болашақ әдебиеттанушылар үшін маңызды екенін атап өтті.