ҚазҰУ-ға суперкомпьютер келеді
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Қытай Үкіметінің гранты бойынша 10 млн доллардың суперкомпьютерін алатын болды. Елбасының Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысында осындай уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бір секундта жүз он триллион операцияны (110 Тфл) жүзеге асыра алатын суперкомпьютерді еліміздегі жетекші ҚазҰУ-ға Қытайдың «INSPUR» компаниясы береді. Бұған арналған грант қаражаты Қытай Үкіметі тарапынан бөлінеді.
Қытай Төрағасы Си Зиньпиннің биылғы мамыр айында Қазақстанға жасаған сапары барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында «Silicon Valley» моделі бойынша бірлескен IT-технологиялық паркін құруды ұсынған болатын.
Мемлекет басшысының идеясын іске асыра отырып, ҚазҰУ «Жаңа Жібек Жолы Университеттер Альянсының халықаралық IT-технопаркін» құру жөнінде бастама көтерді. Ол ҚазҰУ базасында суперкомпьютер және бұл арқылы зерттеу негізінде құрылады.
Елбасы
Н.Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында Әл Фараби атындағы ҚазҰУ мен «INSPUR» компаниясының жетекшілері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжатта жобаны іске асыру бойынша бірлескен іс-әрекеттің негізгі бағыттары белгіленді.