ҚазҰУ-да республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мәжілісі өтті.

8 қазан, 2015

«Мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оқыту бағдарламаларын модернизациялау» тақырыбы аясында ҚазҰУ-да Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мәжілісі өтті.

2015 жылы қазанның 7-жұлдызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен республикалық оқу-әдістемелік кеңестің гуманитарлық және жаратылыстану мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің отырысында мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оқыту бағдарламаларын модернизациялау тақырыбы талқыланды.

Оқу-әдістемелік бірлестіктің отырысына ЖОО ректорлары мен проректорлары, ҚР ЖОО Консорциум мүшелері, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі, Қазақстандық Туристік Ассоциациясы, «Казфосфат» ЖШС, Ғарыштық техника және технологиялар институты, ЖОО шетелдік әріптестер, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы профессорлық құрамы қатысты.

Отырысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры, ОӘБ Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің төраға орынбасары Ахмед-Заки Д.Ж. ашты. «Отандық экономикаға сапалы мамандар дайындау білім беру саласындағы маңызды мәселелердің бірі. Осы мақсатта индустриалды-инновациялық даму-2 Мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР ЖОО Консорциум мүшелері дайындаған, жаңа тәжірбиелік білім беру бағдарламалары жұмыс жасайды», - деді Ахмед-Заки Дархан.

«Оқу жоспарын құрастырушылар Кембридж, Оксфорд сияқты шетелдік ЖОО әріптестерінің тәжірбиесіне сүйене отырып, үздік шетелдік ЖОО пәндердің құрылымы мен құрамын зерттеген. Оқу бағдарламалары мен оқу жоспарының жаңа толқыны ҚазҰУ-ға бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда үлкен жетістікке жетуге мүмкіндік береді», - деді проректор.

Қазақстандық Туристік Ассоциация өкілі К.Мамутова «Кәсіби стандарттар – туризм индустриясына сапалы маман дайындаудың негізгі факторы» атты баяндамасында соңғы уақытта жұмыс берушінің ЖОО түлектерінің кәсіби дайындық деңгейіне жоғарғы талаптар қоятынын айтты. «Қазіргі қолданыстағы ЖОО білім беру бағдарламаларының бір кемшілігі түлектер туризм саласындағы кәсіби қызметке дайын емес. Сондықтан кәсіби стандарттарды және білім беру бағдарламаларын дайындау барысында ЖОО қауымдастықтары мен жұмыс берушілер тығыз жұмыс жасауы қажет. Ол уақыт талабы», - екенін Клара Мамутова атап өтті.

Сонымен қатар отырыста ОӘБ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесіне ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ОӘБ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің таңбасын алу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде келіп түскен оқу құралдарының сараптама нәтижелері жарияланды.

Отырыс аясында қабылданған шешімдер елдегі білім мен ғылым саласындағы стратегиялық мақсаттардың дамуына септігін тигізеді.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі

8 (727) 377-31-48