Айқын

8 қазан, 2015

ҚАЗҰУ ӘЛЕМДІК ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕНІ ДӘЛЕЛДЕДІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемдік білім нарығында бәсекеге қабілетті екендігін тағы да дәлелдеп, әлемдегі үздік 800 университет арасында жоғары орынға көтерілді.

Жүйелі қайта құруды ойдағыдай жүзеге асырған ҚазҰУ әлемдік университет рейтингінде жыл өткен сайын жоғары орынға көтеріліп келеді. Әйгілі QS (Ұлыбритания) халықаралық рейтинг агенттігінің 2015жылғы 15 қыркүйекте жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 275-ші орынды иемденіп, ең үздік 300 университет қатарына қосылды.

Бұл рейтингте 2010 жылдан бері 326 орынға, соңғы бір жылда 30 орынға көтерілген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұңғыш рет Қазақстан және Орталық Азия университеттері арасында осындай айтулы жетістікке қол жеткізді. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, өте қысқа мерзім ішінде әлемнің ең үздік 300 университеті қатарына ену – нағыз әлемдік феномен және қарқынды түрде алға ілгерілеу болып табылады. Бұл университет ұжымының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және жұмысты жұмылып атқарып отырғанын дәлелдейді.

Айта кету керек, ТМД елдерінің барлық университеттері әлемнің 800 үздік университеті рейтингінде мұндай жетістікке жете қойған жоқ. 2015 жылы оған ТМД-ның үш университеті ғана – М.Ломоносов атындағы ММУ (108 орын), Санкт-Петербор меммлекеттік универистеті (256) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (275) кірді.

QS сарапшыларының кеңесімен ҚазҰУ-дың айтулы тәжірибесін әлемнің жетекші угиверситеттері зерттеуге кірісті. Бұл көрсеткіш университеттің білім мен ғылымның әлемдік нарығында бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді.

Университеттің мұндай жоғары жетістікке қол жеткізуіне Президент Н.Назарбаевтың 2010 жылғы халыққа Жолдауында «Қазақстанның кем дегенде екі университеті әлемдегі үздік университеттер рейтингіне енуі тиіс» деп атап айтқан міндеті түрткі болғаны анық.

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде осы өткен кезеңде кешенді құрылымдық жаңғырту жүргізіліп, процесс менеджменті, нәтижеге бағытталған басқару жүйесі және жетістікті рейтингтік бағалау енгізілді. Әлемнің жетекші универсиеттері үлгісімен ҚазҰУ-да тәжірибелік білім бағдарламалары әзірленіп, енгізілді. Олар халықаралық жоғары стандартқа сай және халықаралық тіркеуден өткен. Соңғы жылдары университет қабырғасында «идея генерациясынан оны коммерциялауға дейін» атты технологиялық дәліз құрылып, тиімді жұмыс істеп тұр.

Рейтингі жоғары шетелдік басылымдарда ең көп жарық көретін де осы ҚазҰУ ғалымадырының еңбектері. Айталық, 2010-2014 жылдар аралығында олардың көлемі 5 есе, ал осы еңбектерге жүгініп, мысал келтіру жағы 6 есе көбейді.

ҚазҰУ-дегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру 4 есе көбейіп, 2014 жылы 4,3 млрд теңгені құрады. Бұл еліміз бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы көлемінің шамамен 10 пайызы дегенді білдіреді.

Университетте әлемге әйгілі «Hewlett-Packard», «Samsung», «Cisco», «Konikca minolta», «Microsoft», «Alcatel» компаниялардың оқу және ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып, жемісті жұмыс істеуде. Студенттік бизнес-инкубатор құрылып, Start-up и Spin-off компаниялар жолға қойылған.

Халықаралық ынтымақтастық, академиялық мобильділік, әлеуметтік серіктестік саласында да университеттің даму қарқыны жоғары. Жұмыс берушілер арасында ҚазҰУ түлектеріне сұраныс көп.

Қазіргі кезде университет ұжымы мен басшылығының барлық күш-жігері Елбасының алға қойған міндетін жүзеге асыруға жұмылдырылған. Бұл -әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына ену, Қазақстанның әлемдік білім-ғылым кеңістігіндегі орнын тұрақтандыру, адам капиталы мен білімге сүйенген экономиканы дамытуға үлес қосу.

Разия МАДИЕВА,

Алматы