Алматыда ақпараттық технологиялар жөніндегі халықаралық конференцияға 50-ден астам шетелдік ғалым қатысуда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Ғылым, техника мен білім салаларындағы есептеуіш және ақпараттық технологиялар» атты халықаралық конференция жұмысы басталды.
Аталмыш университеттің оқу ісі бойынша проректоры Ахмед-Зәки Дарханның айтуынша, бұл ғылыми форум біздің елімізде осымен сегізінші рет өткізіліп отыр.
«Бұл конференция о баста Қазақстан мен Ресей ғалымдарының ынтымақтастығы негізінде ұйымдастырылған болатын. Қазір оған АҚШ, Жапония, Үндістан, Германия, Франция және тағы бірқатар елдердің ғалымдары қатысып жатыр. Кең ауқымды бұл шараны өткізудегі басты мақсат - жаңа білім мен ғылыми жетістіктерді насихаттау, есімдері әлемге белгілі шет елдік ғалымдарды және отандық жас ғалымдарымызды республикамыздың ғылыми-технологиялық саласына тарту және отандық ғылыми әзірлемелердің әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті екендігін көрсету», - деді А. Дархан.
Жалпы, конференция жұмысы барысында 50-ден астам шетелдік ғалым, технологиялық үдерістерді математикалық моделдеу, жоғары өндірмелі есептеу, ақпаратты қорғау және сақтау және басқа да салалар бойынша 250-ге жуық ғылыми баяндамалар жасайды.
«Бұл конференция ғылым, техника және білім салаларында есептеуіш және ақпараттық технологиялардың жетістіктері мен келешегін талқылауда маңызды алаң болып табылады. Сонымен қатар ол әр елдің ғалымдары арасында өзара ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді», - деді өз сөзінде Ахена Рейн-Вестфальд университетінің (Германия) өкілі Матиас Майнке.