ҚазҰУ-да болашақ экономистер олимпиадасы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде XVІ республикалық студенттік пәндік олимпиаданың ІІ кезеңі өтті.
Экономика және бизнес жоғары мектебі ұйымдастырған олимпиада экономикалық теория, микроэкономика, макроэкономика, кәсіпорын экономикасы пәндері бойынша өткізілді.
Ашылу салтанатына университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, еліміздегі 16 жоғары оқу орнынан келген олимпиадаға қатысушы студенттер мен жетекшілер қатысты.
Шараны Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ләйла Бимендиева ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Олимпиаданың негізгі мақсаты – студенттердің экономика саласындағы білім деңгейін арттыру, дарынды студенттерді анықтау және қолдау, еліміздің кадрлық әлеуетін қалыптастыру, «Экономика» білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда мүдделі тараптар арасындағы байланысты дамыту. Бүгінгі айтулы шара ҚазҰУ-дың 90 жылдығы мен Экономика және бизнес жоғары мектебінің 75 жылдығы аясында өтіп отыр», – деді декан.
Республикалық олимпиадаға еліміздегі 16 университеттен келген 42 студент қатысты. Оларды 16 жетекші бастап келді.
«Аталған олимпиада екі кезеңнен тұрды. Біріншісі онлайн форматта қатысушылар эссе жазып, іріктелді. Нәтижесінде екінші кезеңге 16 команда жолдама алды. Бүгін ҚазҰУ-да олимпиаданың екінші кезеңі өтті. Мұнда қатысушылар мамандық пәндері бойынша қолданбалы есептерді шешіп, тест сұрақтарына жауап берді», – деді Экономика кафедрасының меңгерушісі Ғалия Дәулиева.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі