ҚазҰУ-да А.Пушкин шығармашылығына арналған пәндік олимпиада басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасында Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толуына орай, «Филология: орыс тілі» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.
ҚазҰУ-дың филология факультеті ұйымдастырған шараға еліміздің әр өңірінен студент жастар қатысты. «Уақытты да, кеңістікті де бағындырған Пушкин» тақырыбында өткен олимпиада болашақ тіл мамандарының кәсіби қабілеттерін дамытуды анықтауға және дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Баян Жолдасбекова қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Баян Өмірбекқызы талантты ақынның әлемдік әдеби, рухани кеңістіктегі бай шығармашылық мұрасының жан-жақтылығына тоқталып, А.Пушкин туындыларының бүгінгі күнде де өзекті болып отырғанын атап өтті.
Олимпиада үш турды қамтыған. Бірінші турда студенттік командалар өздері туралы ауызша баяндама жасап, «Брейн-ринг» атты екінші кезеңде «Kahoot» интерактивті ойын сервисі арқылы тестілеу түрінде жеке өнер көрсетті.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, барлық студенттік командалар өздерінің білімдерін және жақсы дайындық деңгейін көрсетті. Олимпиадаға жалпы алты команда қатысты.
Олимпиаданың III туры ертең өтеді, онда студенттер А.С.Пушкин шығармаларының үзіндісінен театрландырылған қойылымдар көрсетеді. Байқау келесі талаптар бойынша бағаланады: орындаушылардың шығарманың мазмұнын түсінуі, бейнені жеткізе білуі, әртістік, сахна мәдениеті, сөйлеу техникасы.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау, дипломдар мен сертификаттар тапсырылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі