Ана тілі

8 қазан, 2015

ҚазҰУ – әлемдік үздіктер қатарында

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік білім нарығында бәсекеге қабілетті екендігін тағы да дәлелдеп, дүниежүзіндегі үздік университеттер арасында жоғары орынға көтерілді.

Жүйелі қайта құруды ойдағыдай жүзеге асырған ҚазҰУ әлемдік университет рейтингінде жыл өткен сайын жоғары орынға көтеріліп келеді. Әйгілі QS (Ұлыбритания) халықаралық рейтинг агенттігінің зерттеу қорытындысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 275-інші орынды иемденіп, ең үздік 300 университет қатарына қосылды.

Бұл рейтингте 2010 жылдан бері 326 орынға, соңғы бір жылда 30 орынға көтерілген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұңғыш рет Қазақстан және Орталық Азия университеттері арасында осындай айтулы жетістікке қол жеткізді. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, өте қысқа мерзім ішінде әлемнің ең үздік 300 университеті қатарына ену – нағыз әлемдік феномен және қарқынды түрде алға ілгерілеу болып табылады. Бұл университет ұжымының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және жұмысты жұмылып атқарып отырғанын дәлелдейді.

Айта кету керек, ТМД елдерінің барлық университеттері әлемнің 800 үздік университеті рейтингінде мұндай жетістікке жете қойған жоқ. 2015 жылы оған ТМД-ның үш университеті ғана – М.Ломоносов атындағы ММУ (108 орын), Санкт-Петербор мемлекеттік универистеті (256) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (275) кірді.

QS сарапшыларының кеңесімен ҚазҰУ-дың айтулы тәжірибесін әлемнің жетекші университеттері зерттеуге кірісті. Бұл көрсеткіш универси­теттің білім мен ғылымның әлемдік нарығында бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді.

Университеттің мұндай жоғары жетістікке қол жеткізуіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылғы халыққа Жолдауында «Қазақстанның кем дегенде екі университеті әлемдегі үздік университеттер рейтингіне енуі тиіс» деп атап айтқан міндеті түрткі болғаны анық.

Танымдылығы жоғары шетелдік басылымдарда ең көп жарық көретін де осы ҚазҰУ ғалымдарының еңбектері. Айталық, 2010-2014 жылдар аралығында олардың көлемі 5 есе, ал осы еңбектерге жүгініп, мысал келтіру жағы 6 есе көбейді. ҚазҰУ-дағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру 4 есе көбейіп, 2014 жылы 4,3 млрд теңгені құрады. Бұл еліміз бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы көлемінің шамамен 10 пайызы дегенді білдіреді. Университетте әлемге әйгілі «Hewlett-Packard», «Samsung», «Cisco», «Konica minolta», «Microsoft», «Alcatel» компаниялардың оқу және ғылыми-зерттеу орталықтары құ­ры­лып, жемісті жұмыс істеуде. Студенттік бизнес-инкубатор құры­лып, «Start-up» және «Spin-off» компаниялар жолға қойылған. Халықаралық ынтымақтастық, академиялық мобиль­ділік, әлеуметтік серіктестік сала­сында да университеттің даму қар­қыны жоғары. Жұмыс берушілер арасында ҚазҰУ түлектеріне сұраныс көп.

Қазіргі кезде университет ұжымы мен бас­шылығының барлық күш-жігері Елбасының алға қойған міндетін жүзеге асыруға жұмылдырылған. Бұл әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына ену, Қазақстанның әлемдік білім-ғылым кеңістігіндегі орнын тұрақтандыру, адам капиталы мен білімге сүйенген экономиканы дамытуға үлес қосу.

С.ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ