ҚазҰУ Қытаймен ғылыми-техникалық бағытты дамытады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚХР-дың Цзинань қаласындағы ғылыми-техникалық бюро және Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co.Ltd компаниясының делегациясы жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында оқу ордасының басшылығымен кездесу өткізіп, серіктестікті дамыту бойынша өзара пікір алмасты.
Делегация құрамында Цзинань қаласының ғылыми-техникалық бюросы басқармасының басшысы Чэнь Сиу, Цзинань қаласының экономикалық және ғылыми даму әкімшілік комитеті басшысының орынбасары Ян Синьсин, Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co.Ltd компаниясының халықаралық жобалар бойынша атқарушы директоры Цзя Юаньчао, ҚР-дағы компания филиалы директорының бірінші орынбасары, ЖЭО-2 жобасының жетекшісі Лю Туньи және т.б. лауазымды тұлғалар бар.
Жүздесуде Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов құрметті қонақтарға ілтипат білдіре отырып, ҚазҰУ-дың жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар өз сөзінде проректор білім ордасының Қытай ЖОО-ларымен және компанияларымен серіктестігі туралы ақпарат берді.
«ҚазҰУ қалашығында Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, Касперский зертханасы, Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары орналасқан. Бүгінде ҚазҰУ ҚХР-дың жоғары оқу орындарымен және белді компанияларымен тығыз қарым-қатынаста. Университетте Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институты жұмыс істейді», – деді проректор.
Өз кезегінде Цзинань қаласының ғылыми-техникалық бюросы басқармасының басшысы Чэнь Сиу жылы қабылдағаны үшін университет басшылығына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ өз сөзінде ҚазҰУ-мен серіктестікті арттыруға мүдделі екендіктерін білдірді.
Кездесу барысында Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов пен Қазақстандағы Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co.Ltd компаниясының филиалы директорының бірінші орынбасары Лю Туньи серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Жүздесуден соң құрметті меймандар ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі