ҚазҰУ-да конституциялық-құқықтық ғылым мәселелері қаралды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Фараби кітапханасында «Қазақстанның конституциялық-құқықтық ғылымын дамыту: тарихы, проблемалары, перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара Конституциялық құқық кафедрасының негізін қалаушы және меңгерушісі, заң ғылымының докторы, профессор Константин Котов пен Конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы, профессор Владимир Кимнің 100 жылдығына және ҚР ҰҒА академигі, ҚР Конституциялық сотының бірінші төрағасы Мұрат Баймахановтың 90 жылдығына арналды.
Конференцияның мақсаты – Қазақстанның теориялық-құқықтық және конституциялық-құқықтық ғылымының қалыптасу және даму тарихын, елдегі конституциялық құрылыстың даму перспективалары бойынша мәселелерді талқылау.
Халықаралық жиынға жетекші ғалымдар, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, азаматтық қоғамның өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Конференция жұмысын ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов ашты. Өз сөзінде проректор елдің конституциялық құқығын дамытуға үлес қосқан үш көрнекті тұлғаның өміріне тоқталды.
«Профессор Константин Котов қазақстандық конституциялық-құқықтық ғылымның негізін қалаушылардың бірі деп атауға болатын ірі ғалым болды. Оның еңбектері бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпады, сондай-ақ оның идеялары заманауи және ғалымдардың одан әрі ғылыми зерттеулеріне негіз болып келеді. Владимир Александрович Ким – көрнекті ғалым және талантты зерттеуші. Ол 100-ден астам ғылыми еңбек жазып, беделді басылымдарда жариялады. Владимир Кимнің бірқатар жұмыстары жергілікті кеңестердің қызметіне арналды. Ал Мұрат Баймаханов қазақстандық құқықтық жүйе мен ұлттық заңнаманы қалыптастыруға елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, жоғары білікті заңгер ретінде танымал. Ол терең білімі мен тәжірибесінің арқасында егемен Қазақстанның құқықтық жүйесін реформалауға белсенді қатысты», – деді проректор.
Конференция барысында профессор К.Ф.Котовтың еңбектеріндегі мемлекеттік аппарат үшін кадрлар даярлау мәселелері, профессор В.А.Кимнің еңбектеріндегі конституциялық-құқықтық заңнаманы дамыту мәселелері мен перспективалары, сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі М.Т.Баймахановтың еңбектеріндегі құқықтық мемлекетті дамыту және нығайту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар қатысушылар егемен Қазақстан заңнамасының конституциялық-құқықтық тетігін жетілдіру және Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерін қарастырды.
Халықаралық конференцияны Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі