ҚазҰУ-да грантты өтеу мәселесі түсіндірілді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жас мамандар мен PhD докторлары «Қаржы орталығы» АҚ өкілімен кездесу өткізді.
Университеттің Кәсіби даму және мансап кеңсесі ұйымдастырған кездесуде түлектерді жұмысқа орналастыру және мемлекеттік гранттарды өтеу мәселелері талқыланды.
Жиында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жоғары білім алған жас мамандарды сұранысқа орай тиісті орындарға бөлуге, жұмысқа орналастыруға және міндетті арнайы дайындықтан өткізуге байланысты мәселелер жан-жақты қаралды.
Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директорының орынбасары Ерасыл Асылбеков мемлекеттік гранттарды өтеудің маңыздылығына тоқталды. Алдағы уақытта оқуды бітіргеннен кейін үш жыл ішінде «Қаржы орталығы» АҚ түлектердің гранттарды өтеуі бойынша арнайы мониторинг жүргізетін болады.
«Қаржы орталығы» АҚ мониторинг департаментінің жетекші маманы Ақзира Серікқалиқызы жас мамандардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесуде мемлекеттік грантты дұрыс таңдау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, түлектерге міндеттемелерді сәтті орындауға көмектесу үшін қосымша ұсыныстар мен ресурстар ұсынылды. Бұдан басқа, қолданыстағы заңнама шеңберінде грантты өтеуден босату мүмкіндіктері талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі