ҚазҰУ мен Halyk Bank серіктестікті дамытады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары оқу орнының басшылығы мен «Halyk Bank» АҚ өкілдері арасында кездесу өтті.
Әңгіме барысында тараптар ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Кездесуге Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов, Halyk Bank персоналды дамыту басқармасының бастығы Ирина Захарченко, Экономика және қаржы департаментінің директоры Әсем Мақашова, Halyk Bank маркетинг және PR департаментінің директоры Әсел Мақұлбекова, ЖОО және банк өкілдері қатысты.
Құрметті меймандарды қарсы ала отырып, Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың Halyk Bank-пен ынтымақтастығына тоқталды.
«Halyk Bank пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында көпжылдық байналыс бар. 2021 жылы Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы Транзакциялық жүйелер департаментімен және «Halyk Bank» Chief data scientist кеңсесімен бірлесіп «Data Science» бакалавриат бағдарламасын әзірледі. 2023 жылы «Data Science» магистратура мен докторантураның жаңа бағдарламаларына қабылдау жүргізілді. Halyk Bank оқу ордасының білім алушы жастары үшін өндірістік және зерттеу практикасынан өтуіне мол мүмкіндік ұсынып келеді», – деді проректор.
Өз кезегінде персоналды дамыту басқармасының бастығы Ирина Захарченко Halyk Bank еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға әрқашан дайын екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар бірлескен зертхана ашуға уағдаласты. Сондай-ақ студенттер үшін «Halyk Bank» АҚ Ашық есік күндерін өткізетін болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі