Al-Farabi Business School ұжымы Ұлыбританияда тағылымдамадан өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Al-Farabi Business School ұжымы Ұлыбританияның Манчестер қаласында МВА қауымдастығының (AMBA) ұйымдастыруымен өткен халықаралық әлеуетті арттыру семинарына қатысты.
Семинарда коммуникациялық дағдыларды оқытудың жаңа технологиялары мен білім беруде симуляция тәсілдерін қолдану, қазіргі және болашақ виртуалды шындық платформаларын талқылау, олардың білім беру бағдарламаларына енгізудің артықшылықтары мен қиындықтары талқыланды.
Іс-шара барысында бизнес-мектептің командасы 10-нан астам жетекші британдық университеттердің және бизнес-симуляцияларды әзірлеуге маманданған Edumundo компаниясының өкілдерімен байланыс орнатты. Бұл ынтымақтастық Al-Farabi Business School білім беру бағдарламаларын заманауи оқыту әдістерімен байытуға жол ашады.
Семинар оқу ордасы ұжымының кәсіби көкжиегін кеңейтіп, білім беру үдерісінде жаңа технологияларды пайдалану тәсілдерін игеруге мол мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың Al-Farabi Business School BGA және AMBA аккредитацияларын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл бизнес мектептің білім беру стандарттарын дамыту мен әлемдік деңгейде танылуда маңызды қадам болып табылады.
Британия жоғары оқу орындарының өкілдерімен жоспарланған кездесулер, сондай-ақ халықаралық іс-шараларға қатысу аккредитациялау процесінде шешуші рөл атқарады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі