Келісімге қол қойды
ҚазҰУ-да Бас редакторлар қоғамдық бірлестігі клубы, Инвестиция және даму министрлігі, Байланыс, Ақпарат және ақпараттандыру комитетінің қолдауымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017» адами капиталдың тұрақты даму медиаалаңы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Ғылыми конференция Smart идеядан – smart технологияға: болашақ медиасы, БАҚ және әлемдік дағдарыс тұрақты даму мәселелері, «Болашақтың энергиясы» мәселелерін көтерудегі медиабілім мен медиасауаттылықтың рөлі, «ЭКСПО-2017» алаңы: сандық дәуірдегі идеялар мен технологиялар генерациясы атты бірнеше бағыттар бойынша жұмыс жасады.
Ғылыми-конференция модераторы, «7-арна» директорлар кеңесінің төрайымы, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай: «Биылғы конференциямыдың тақырыбы да өзгеше болып отыр. Еліміз үшін жауапты кезең – «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланысты жүргізіп отырмыз. «Осы көрме БАҚ-қа қандай әсері болады, ақпараттық қандай мүмкіндіктерін пайдалану керек, біз қалай көрсете аламыз?» деген тақырыптарға егжей-тегжей ақылдасып, жоспарларымызды бекіту – бүгінгі жиында қарастырылатын мақсатымыз» деп шараның мазмұнын атап өтті.
Ал университет ректоры, академик Ғ.Мұтанов: «Бас редакторлар клубының қолдауымен бұл шара дәстүрге айналып келе жатыр. Биыл да маңызды тақырып аясында жоспарларымен бөлісіп отыр. Бұл – біздің оқытушылар құрамы мен студенттеріміз үшін ерекше маңызға ие конференция. Шараға зерттеуші ғалымдар, еліміздің көшбасшы БАҚ өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысып, маңызды жиынға бір кісідей қатысып, өз ұсыныстарымен де бөлісіп отырғаны, «ЭКСПО-2017»-ге бұқаралық дайындықтарын көрсетеді» деп ойымен бөлісті.

Ғылыми конференцияда ҚазҰУ мен «Қазмедиа орталығы» ЖШС Басқару компаниясы арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Алда осы меморандум негізінде журналистика мамандығын бітіріп шыққан түлектер мен осы салада оқитын студенттер¬дің тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасуына біршама оңтайлы жол ашылатын болады. Оған «7-арна» директорлар кеңесінің төрайымы, Бас редакторлар клубының президенті Б.Жексенбай ерекше қуанышты екендігін білдірді.
Сондай-ақ шара аясында «Қазмедиа орталығы» ЖШС Басқару компаниясының Бас директоры М.Аюповқа, «Қазақстан – 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры Қ.Әуесбайға, ҚР Ұлттық академиясының корреспондент- мүшесі, профессор, ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Б.Жақыпқа, «Қазақстан-Zaman» ЖШС Бас директоры С.Хастүркке ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» медалі табысталды.
Шара барысында қонақтар мен қатысушылар пленарлық мәжіліс пен секция мәжілісінде баяндама жасап, талқылауға қатысты.
Алмагүл ҚҰРМАНБАЕВА, Филология ғылымының кандидаты, доцент.
Басқа жаңалықтар