Қазақпарат

8 қазан, 2015

Алматыда ынтымақтастыққа арналған ғылыми жиынға Еуропаның 60 университетінен өкіл келді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми конференция басталды.

Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстандағы Еуропалық Одақтың делегациясы, Еуроодаққа мүше елдердің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктері және Еуродақ елдерінің алдыңғы қатарлы 60-тан астам университеттерінің өкілдері қатысуда.

«Бүгінгі ғылыми конференцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз - Қазақстан мен Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы университеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту. Сондықтан бүгінгі жиын барысында осы мәселе жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар, отандық жоғары оқу орындарының басшылығы бүгінгі ғылыми форумға келген шет елдік әріптестерімен тікелей байланыс орната алады. Өйткені, Еуропа елдерінен 60-тан астам университеттің өкілдері келді», - деді өз сөзінде ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаментінің директоры Серік Өмірбаев.

Сонымен қатар, ол мұндай деңгейдегі ғылыми форум студенттер мен оқытушылардың мобильді болуына септігін тигізетіндігін жеткізді.

«Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Елімізде мұндай дәрежедегі форум осымен алтыншы рет өткізіліп жатыр. Бұған дейін мысалы, Қазақстан-Британ және Қазақстан-Фанция форумын атауға болады. Мұндай кездесулер студенттер мен оқытушыларды барынша мобильді болуына, тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді С. Өмірбаев.