Бірлігі жарасқан елдің жаңа міндеттері
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 01 наурызда құрылған консультативті-кеңесші орган мәртебесіне ие. Міне, сол жылдардан бері Ассамблея - қазақ мемлекетінің қанатының астында тағдыр тәлкегімен келіп қалған өзге ұлт өкілдерінің барын көрсетіп, басын қосып отырған бірден бір ұйым. Ұйымның еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтаудағы қызметі де аса жоғары.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысып сөз сөйлеп, еліміз үшін қазіргі таңдағы аса маңызды бірнеше мәселеге тоқталып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, республикамыздың бірнеше аймағаныда орын алып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқының бірлесіп көмектесуі өзара жанашыр және тілеулес болудың шынайы көрінісі екенін айтты.
Президентіміз түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынын баса айтып кетті. Еліміздің алдындағы үлкен міндетіміз – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, еліміздің стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың басты бағдары болып қалатынын жеткізді.
Сессияда сөйлеген сөзінде Президентіміз ең алдымен Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайтынын білдірді. «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология факультеті,
шетел филологиясы және аударма ісі
кафедрасының аға оқытушысы ф.ғ.к. Байелі Ә.Ж.